
2025 жылдың 1 сәуірінде қазақтың біртуар композиторы, күйші, дирижер әрі халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толып отыр. Бұл — қазақ музыкасының алтын дәуірін қалыптастырған, ел рухын аспандатқан дара тұлғаның ғасырлық мерейтойы. Нұрғиса атамыздың шығармашылығы — тек ән мен күй ғана емес, тұтас бір ұлттың рухани жадын сақтап қалған өнер мұрасы.
Қазақ өнеріндегі ұлы есім
Нұрғиса Тілендиев 1925 жылы 1 сәуірде Алматы облысының Іле ауданында дүниеге келді. Оның есімі қазақ мәдениетінің тарихында алтын әріптермен жазулы. Композитордың «Әлқисса», «Махамбет», «Ата толғауы», «Аққу», «Көш керуені», «Саржайлау», «Бәйтерек» секілді күйлері халықтың жадында сақталып, дәуір үнін жеткізіп келеді. Ал «Өз елім», «Құстар әні», «Саржайлау», «Әже туралы ән» сияқты әндері қазақтың әр шаңырағында шырқалып жүр.
«Отырар сазы» — ұлт рухының тірегі
Нұрғиса Тілендиев 1982 жылы өзінің басты арманы болған «Отырар сазы» халық аспаптар оркестрін құрды. Бұл оркестр — қазақтың дәстүрлі музыкасын жаңа деңгейге көтеріп, кейінгі ұрпаққа мирас етудің бірегей үлгісі болды. Тілендиев — қазақ музыкасына симфониялық жанрды ұлттық бояумен өрнектеген алғашқы композиторлардың бірі болды. Кеңес одағы кезінде де қазақы саз бен ұлттық дүниетанымды ұштастыра отырып, өз жолын қалыптастырды.
100 жылдыққа орай
2025 жылы республика көлемінде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған ауқымды мәдени шаралар өткізілуі жоспарланып отыр.
1 сәуір күні Астана төрінде атақты композитордың мерейтойына арналған концерт өтеді. «Әлқисса – Нұрғиса» атты бұл кешке Нұрғиса Тілендиев негізін қалаған және өзі басқарған «Отырар сазы» оркестрі қатысады. Даңқты өнер ұжымы Астана жұртшылығына күй мен әнге тұнған рухани кеш сыйлайды. Концертте композитордың ел есінде мәңгі қалған «Ата толғауы», «Аққу», «Көш керуені», «Әлқисса» сынды күйлері мен «Саржайлау», «Құстар әні», «Өз елім» сияқты шоқтығы биік әндері орындалмақ. Бүгінде «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі мен дирижері Тілендиевтің қызы Дінзұхра Тілендиева.
Астана қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы 2–4 сәуір күндері аралығында Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Құстар әні» республикалық фестивалін өткізеді. Бұл – ұлттық музыка өнерін ұлықтап, Тілендиевтің бай мұрасын жас буынға жеткізуді мақсат еткен ауқымды мәдени шара. Фестиваль аясында еліміздің әр өңірінен келген оркестрлер мен өнер ұжымдары қатысып, композитордың шығармаларын жаңаша интерпретацияда ұсынбақ.
«Дариға, домбырамды берші маған»
Нұрғиса Тілендиевтің өміріндегі ерекше тұлғалардың бірі – жұбайы, Дариға Тілендікеліні. Ол тек қазақ музыкасының алыбына адал жар ғана емес, оның шабытын шарықтатқан рухани серігі бола білді.
Дариға Тілендікеліні өзінің бір естелігінде: әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиев ақын Мұқағали Мақатаевты бір ай бойы үйінде құдайы қонағындай күтіп, отызға жуық өлең мен ән дүниеге келгенін айтқан еді.
Нұрғиса аға жарына қарап: «Дариға, домбырамды берші маған…» деген екен. Осы қарапайым сөз ақын жүрегіне әсер етіп, Мұқағали оны көркем өлеңге айналдырады. Кейін осы өлеңге Нұрғиса Тілендиев әуен жазып, ел жүрегін жаулаған әдемі әнге айналды.

Алайда биылғы мерейтой жүректі шымырлатқан ауыр хабармен де есте қалды. Нұрғиса ағамыздың жары, ақын Дариға Тілендікеліні 2025 жылдың 11 наурызында дүние салды.