Қазақстан ЕО экономикасы үшін маңызды 34 сирек кездесетін минералдың 19 түрін өндіреді – Президент

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Наташа Пирц-Мусар Қазақстан-Словения бизнес-форумына қатысты. Форум барысында мемлекет басшысы Қазақстан экономикасы, елдің өнеркәсібі мен энергетикасы туралы сөз қозғады.

Президент елдің аймақтағы экономикасы қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті.

«2024 жылы экономикалық өсім 4,8 пайыз деңгейінде болды. ЖІӨ 288 млрд долларға жетті. Еліміз саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыра отырып, осы даму көрсеткішін сақтауға ниетті», – деді президент.

Елдің логистикалық әлеуеті

Сонымен қатар Тоқаев Қазақстан Еуразиядағы жетекші сауда әрі логистика хабына айналуға ұмтылатынын айтты. Елдің логистикалық хабқа айналуға толық мүмкіндігі бар. Өйткені қазіргі күні еліміздің аумағы арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі 514 млрд тонна-шақырымға жеткен. Бұл логистикалық транзиттік байланыс арқылы Еуропа мен Қытай арасындағы құрлықтық алыс-берістің 90%-ын қамтамасыз еткен.

«Ақтау және Құрық порттары арқылы жөнелтілетін жүк көлемі 62 пайызға өсті. Жалпы 4,5 миллион тоннаға дейін жетті. Словенияның ең ірі Копер портымен серіктестікті тереңдету көзделіп отыр», – деді Тоқаев.

Өнеркәсіп және энергетика салалары

Перзидент Қазақстан мұнайының 70 пайызға жуығы Еуропа Одағы елдеріне экспортталатынын, ал барланған табиғи газ қоры 3 трлн текше метрге, көмір кеніші 34 млрд тоннаны құрайтынын айтты. Сонымен бірге елде сирек кездесетін металдар қоры да бар екенін атап өтті.

«Еліміз ЕО экономикасы үшін аса маңызды 34 сирек кездесетін минералдың 19 түрін өндіреді.Қазақстан сектордың әлеуетін толық пайдалану мақсатында әлемнің жетекші компанияларымен прагматикалық формулаға сай, яғни «шикізат орнына инвестиция мен технология» қағидасына сай ынтымақтастық орнатады. Total, Eni, Masdar және Svevind Energy Group компанияларының қатысуымен жасыл энергетика жобалары қарқынды дамып келеді. Словенияның Iskra, Gorenje сияқты озық компаниялары біздің нарықта табысты жұмыс істейді»,, – деді Тоқаев.

Басқа салалардағы ынтымақтастық

Президент Қазақстанның Словения елімен басқа салалар бойынша ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін жеткізді. Осы орайда Қазақстанның әлеуетті салаларына тоқталды.

«Отандық ауылшаруашылық өнімдері әлемнің 70-тен астам еліне экспортталады. Еліміз словениялық серіктестерімен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға ниетті. Қазақстан Словенияның Krka, Lek секілді компанияларымен фармацевтика өндірісін дамытуға, ғылыми зерттеулер, стартаптар және технологиялық білім беру ісіндегі осы елдің IT компанияларымен серіктестік орнатуға мүдделі», – деді президент.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Словенияның іскерлік топ өкілдеріне Астана халықаралық қаржы орталығының әлеуетін зерделеп, оның экожүйесіне қосылуды ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз