Жамбыл облысында шенеунік жемқорлық үшін сотталды. Пара бергендер де жазасыз қалмады

Жамбыл облысының Көліктік бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Д.Кемелов жүк көлігін жүргізушілерден бірнеше рет пара алған. Осы қылмысы үшін 6 жылға сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.
«2025 жылдың 20 наурызында Тараз қаласының соты Жамбыл облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Д.Кемеловқа қатысты үкім шығарды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Шенеунікке қандай айып тағылды?
Шенеунік жүк автомашиналарының иелері мен жүргізушілерінен жүйелі түрде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Нақтырақ айтқанда, Кемелов жүк көлігін жүргізушілер М.Мамыровтан, Н.Абдуллаевтан және Е.Қанатовтан облыс аумағы бойынша кедергісіз жүріп-тұруы үшін 100 мыңнан 450 мың теңгеге дейін бірнеше рет пара алған.
Жүргізушілердің бірі Мамыров пара берумен қатар, Кемелов пен басқа жүргізушілердің арасында делдалдық еткен.
Сот үкімі
Нәтижесінде жемқорлыққа қатысы бар барлық тұлғаға әртүрлі деңгейдегі жаза тағайындалған. Кемелов пара алғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал Мамыров делдалдық еткен үшін 3 жылға сотталды. Сондай-ақ пара берген екі жүргізушіге айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалған. Олардың әрқайсысы енді 5,6 млн теңгедене айыппұл төлеуі керек болады.
«Сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік мекемелерде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды», – деп хабарлайды агенттік.