«Google салығы». Қаржы министрлігі шетелдік интернет-платформалар 83 млрд теңге салық төлегенін мәлімдеді

2022 жылдан бастап шетелдік интернет-платформалар 83 млрд теңге салық төлеген. Бұл туралы Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлікке қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті бүгінгі күні 200-ден астам юрисдикцияның салық әкімшіліктерімен бірлесе отырып, ел аумағында қызмет көрсететін халықаралық онлайн-компаниялардың қызметіне бақылау жүргізеді. Бұл компаниялардан бірнеше жылда түскен салық – көлемді.
Комитеттің мәліметінше, интернет-платформаларға салық төлеу 2022 жылы міндеттелген. Мұны көпшілік сол кезде «Google салығы» деп атап кеткен.
«Цифрлық қызметтер салығы енгізілген сәттен бастап Қазақстан бюджетіне 83 млрд теңгеден астам қаржы түсті. Бұл көрсеткіштер тиімді салық әкімшілігін жүргізу мен елдегі цифрлық экономиканың тұрақты өсіп келе жатқанын дәлелдейді», – делінген баспасөз хабарламасында.
Қандай ірі компаниялар салық төледі?
Бұл салық қазақстандық тұтынушыларға цифрлық қызмет көрсететін халықаралық компаниялар үшін тең бәсекелестік жағдай жасауға мүмкіндік ашқан. Сонымен бірге мемлекеттік бюджетке түсетін кірісті арттыруға оң ықпал еткен.
Комитеттің мәліметінше, салық енгізілген сәттен бастап 105 шетелдік компания тіркелген. Қазіргі таңда мынадай компаниялар салық төлеп отыр:
- Twitch Interactive, Inc. – қазақстандық геймерлер мен блогерлер арасында танымал ірі стриминг платформасы. Take-Two Interactive Software, Inc. – Grand Theft Auto, Red Dead Redemption, NBA 2K сияқты танымал ойын франшизаларымен танылған және әлемдік ойын индустриясындағы көшбасшы компания саналады.
- InGroup International LLC (INCruises) – круиздік саяхаттарды ұсынатын халықаралық туристік компания.
- 1688.com PTE. LTD. – атақты Alibaba тобына тиесілі. Бұл өндірушілер мен бизнес өкілдерін бүкіл әлем бойынша байланыстыратын B2B форматындағы маркетплейстердің бірі.