Рамзан Қадыров ұлын Шешенстан ІІМ құрылымдарының кураторы етіп тағайындады

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың ұлы, 17 жастағы Адам Қадыров республика Ішкі істер министрлігінің құрылымдарына куратор болып тағайындалды.
Бұл жөнінде 31 наурыз күні өткен жиналыста ресми түрде жария етілді.
Рамзан Қадыровтың тікелей тапсырмасы
Ведомство басшысы Аслан Ирасхановтың айтуынша, тағайындау Рамзан Қадыровтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асқан.
Кураторлыққа кіріскен жас Қадыров ІІМ ішкі қауіпсіздік басқармасының жедел-іздестіру бөліміне жаңа басшы тағайындауды ұсынған. Осы ұсыныс негізінде бұл қызметке министрдің көмекшісі Тимур Мусангузов келді.
Ресей тарихындағы ең жас басшы
Жас ерекшелігіне қарамастан, Адам Қадыров соңғы жылдары Шешенстандағы бірқатар күштік құрылымдар мен әскери бөлімшелерде жетекшілік қызметтер атқарып жүр. 2023 жылдың қарашасында ол небәрі 15 жасында «Шешенстан басшысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөліміне» жетекшілікке тағайындалды. Ресей рекордтар кітабына ең жас ведомство басшысы ретінде енген болатын.
Батальон кураторы
Бұдан бөлек, ол Шешенстанда құрылған Қорғаныс министрлігіне қарасты Байсангур Беноевский атындағы батальонның, сондай-ақ Шейх Мансур батальонының да кураторы атанған. Сонымен қатар Гудермес қаласындағы Владимир Путин атындағы арнайы жасақ университетіне де жетекшілік етеді.
Марапаттау қызметі
Ресми деректерге қарағанда, Адам Қадыровтың бұл лауазымдарда нақты қандай жұмыс атқарып жатқаны туралы толық ақпарат жоқ. Көп жағдайда ол бөлімшелердің жеке құрамымен кездесу өткізеді. Мемлекеттік наградалар тапсырумен ғана шектеліп келеді. Мәселен, соңғы жиналыста ол ерекше көзге түскен сегіз қызметкерге Шешенстан Республикасының ең жоғары марапаты – «Герой» атағын табыстаған.
Мұның алдында Рамзан Қадыров Ақтауда ұшақ апатқа ұшыраған күні Грозныйдың аспанын қорғаған туысын марапаттағаны туралы жазған едік.