
Шымкенттіктер шетелдіктерді қатты таңырқатып отыр. Ресейден келген Katya Biohacking Шымкент тұрғындарының ерекшелігін атады.
«Қонақжай әрі іскер»
«Маған Шымкенттегі адамдар қатты ұнайды. Мен Ресейден келдім. Орыстармен салыстыра келе мынадай жайттарды байқадым. Шымкент тұрғындары – қарапайым, мейірімді адал адамдар», – дейді ол.
Шымкенттіктердің шетелдіктерді таңырқатқан жайттың бірі, олардың ілкімділігі мен мінез-құлқы.
«Шымкенттіктер төтесінен сөйлейді. Бірақ ашу шақырмайды. Қонақжайлылығы өте керемет! Іскерліктері де күшті! Басқа адамдарға тәкаппарлығы мен эгоизмін өте аз көрсетеді», – деп баға беріп отыр Катя.
Туристер үшін тартымды қала
eQonaq жүйесінің мәліметіне сенсек, 2024 жылдың алғашқы алты айында Шымкентке 20 950 шетелдік турист келген.
Халықаралық туристік сахнада қаланың тартымдылығы артып жатыр. Шымкентке өзбекстандық, ресейлік және қытайлық туристер көп келеді.
2023 жылы да Шымкент шетелдік туристер көп келген қазақстандық бес қаланың бірі болған еді.
Туризм индустриясы комитеті Шымкенттің Қазақстан мен оның сыртындағы жетекші туристік бағыт болуы үшін жұмыс істейтіндерін айтқан болатын.
«Көне қорған бар»
Шымкенттіктер шетелдіктерді ғана емес, қазақстандықтар да қайран қалдырып отыр. Олар қаланың гүлденіп келе жатқанын айтып таңғалуда.
«Шымкент кәуаптан басқа ештеңесі жоқ артта қалған қала емес. Миллион тұрғыны бар алып қала. Дамыған инфрақұрылымы бар. Заманауи жаңа тұрғын үй кешендері бой көтеріп жатыр. Қала орталығында аспан астындағы мұражай – көне қорғаны бар», – дейді Limbonate атты желі қолданушысы.
Оның сөзіне қарағанда, Шымкенттің климаты жайлы. Басқа қалалардың тұрғындары қалың киіммен бүрсеңдеп жүргенде, бұл жерде 20 градус жылы болады.
Пәтер жалдау арзан
«Мейрамханалары мен кафелері Астанамен бірдей. Бірақ бағасы жағынан әлдеқайда жағымды. Пәтер жалдау туралы да осылай айтуға болады. Бұл жерде қала орталығынан 100 мың теңгеге керемет бір бөлмелі пәтерді жалға ала аласыз», – дейді ол.
Желі қолданушысы Шымкенттің Астана мен Алматы қаласының жақсы жақтарын біріктіргенін алға тартып отыр.
«Астана секілді жаңа ғимараттар, тұрғын үй кешендері көп. Ал Алматыға ұқсайтын жері – табиғаты мен адамдарының ақ көңілділігі. Парктер өте көп. Шақырымдарға созылған көлік кептелісі жоқ», – дейді ол.
Шымкентте жақында метро құрылысы салынуы ықтимал. Мәжіліс депутаттары осындай бастама көтеріп отыр.