Forbes тізіме енген қазақ байларының дәулеті еселеп артты

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстандағы ең бай жеті адам / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор

Forbes әлемнің ең бай адамдарының тізімін жариялады. Ауқаттылар шеруіне бұл жолы 3028 адам кіріп отыр. Солардың ішінде Қазақстанның жеті азаматы бар. Қазақ байларының бәрінің дәулеті бір жылда еселеп артқан.

Миллиардер Терминатор

3 мыңнан аса кәсіпкер, инвестор және мұрагердің ортақ байлығы 16 трлн доллардан асып кетті. Тізімге 288 жаңа миллиардер қосылған. Олардың арасында танымал актер Арнольд Шварценеггер ($1.1 млрд) де бар.

Алғашқы үштік

Әлемнің ең бай адамы атағын Илон Маск сақтап қалды. Forbes оның байлығын 342 млрд доллар деп бағалады.

Meta корпорациясының жетекшісі Марк Цукерберг екінші орынға көтерілді – 216 млрд доллар.

Amazon қожайыны Джефф Безос 215 млрд доллармен үшінші орында қалды.

Қазақ байларының дәулеті

Forbes дерегіне сәйкес, Қазақстандағы бай адамдардың бәрінің дерлік дәулеті әжептәуір артқан.

Елдің ең бай адам атағын Вячеслав Ким сақтап қалды. Kaspi акционерінің байлығы – 7,1 млрд доллар. Кәсіпкер байлығы бір жылдың ішінде ғана 1,3 млрд долларға артқан.

Оның kaspi-дегі әріптесі Михаил Ломтадзенің дәулеті бір жылда 0,7 млрд долларға артып, 5.9 млрд доллар болды.

Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов бір жылдың ішінде 2,5 млрд долларға байыды. Forbes оның дәулетін 5.8 млрд доллар деп бағалады.

KAZ Minerals директоры Владимир Ким байлығы да бір жылда 2,1 млрд долларға көбейген. Енді оның дәулеті 5,7 млрд доллар деп бағаланады.

5,6-орындарды Динара және Тимур Құлыбаевтар бөлісіп тұр. Әрқайсының байлығы – 5,3 млрд доллар. Бұл екеуінің де дәулеті бір жылда 0,3 млрд долларға артқан.

Жетінші орында 3,7 млрд доллармен Болат Өтемұратов тұр. Ол бір жылдың ішінде дәулетін тура 1 млрд долларға ұлғайтқан.

Сондай-ақ оқыңыз