Ресей билігі Теңіз терминалындағы үш қазықтың екеуіне тыйым салды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Каспий құбыры желісі консорциумындағы үш құрылғының екеуі істемей тұр / фото: КҚК, бильд-редактор: Денис Андреев

Каспий құбыр желісі консорциумына қарасты Теңіз терминалында ірі танкерлер байланатын үш қазықтың екеуі жұмыс істемей тұр. Бұл туралы консорциумның баспасөз қызметі 31 наурызда түнде хабарлады.

Консорциум мәліметінше, уақытша тыйымды Ресей үкіметі енгізіп отыр.

«Ресей Федерациясы үкіметінің 2025 жылғы 26 наурыздағы өкімімен Көлікті бақылау жөніндегі федералдық қызмет Азов-Қара теңіз бассейніндегі су көліктері нысандары инфрақұрылымдарының қауіпсіздігін тексеріп жатыр», – деп мәлімдеді консорциум.

Тексеру Новороссийск, Темрюк, Сочи, Туапсе және басқа да теңіз порттарында жүргізіліп жатыр.

Осындай тексеруді жүргізуге 2024 жылғы 15 желтоқсанда Керчь бұғазында бір танкер апатқа ұшырап, мұнай өнімдерінің теңізге құйылуы себеп болды.

Консорциум мәліметінше, 2025 жылғы 27-31 наурызда КҚК-де жоспардан тыс тексеру өткізілген. Тексеру қорытындысы бойынша КҚК-1 және КҚК-2-дегі нысандардың жұмысына уақытша тыйым салынды.

Осылайша консорциумның Теңіз терминалы жағалауындағы операциялардың бәрі үшінші қазықта іске асырылады.

«КҚК акционерлері құзырлы орган салған тыйымнан хабардар» деп жазды консорциумның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ оқыңыз