Польшада беларусь оппозициясының өкілі Анжелика Мельникова жоғалып кетті

Беларусь оппозициясының үйлестіру кеңесінің өкілі Анжелика Мельникова Польшада із-түссіз жоғалып кетті. Ол 25 наурыздан бері байланысқа шықпаған.
BBC ақпаратына қарағанда, оның алты және он екі жастағы екі қызы да жоғалған. Бір аптадан астам уақыт өткеніне қарамастан, олардың қайда екені белгісіз.
Ұлы телефоны соңғы рет Минскіде тіркелген
Оппозиция басшыларының бірі Павел Латушконың айтуынша, Мельникова Польшада тұрғанымен, оның ұялы телефоны соңғы рет Беларусь астанасы Минскіде тіркелген. Алайда оның нақты сол елде жүргені дәлелденген жоқ. Польша билігі Мельникова бірнеше аптадан бері елден тыс жерде екенін растады.
«Наша Ніва» басылымы Варшавадан Лондонға ұшып кеткеннен кейін ол байланыссыз кеткенін хабарлады. Бұл ақпаратты Латушко да растады. Бұған қоса, 23 наурызда оның бұрынғы күйеуі Андрей Мельников қыздарымен бірге Беларуське автобуспен өткені анықталған. Кейінірек оларды Нясвіж қаласында көргендер бар.
Анжелика Мельникова кім?
Анжелика Мельникова бұрын Беларусьтегі Coca-Cola компаниясында жұмыс істеген. 2020 жылы елдегі наразылықтарға қатысқаны үшін әкімшілік жазаға тартылған. Кейін Польшаға көшіп, сол жақта Białoruś Liberty ұйымын құрған. Бұл ұйым халықаралық гранттар алып отырған, соңғы аударымдардың бірі – 100 мың еуро – Координациялық кеңеске арналуы тиіс болған.
Саяси белсенділер оның Беларусь арнайы қызметтерімен байланысы бар деген болжамдарды жоққа шығарып отыр. Мельникова Польша азаматтығын алған, демократиялық қозғалыстарды белсенді қолдаған, соның ішінде «Киберпартизан» тобымен де байланыста болған.
Оппозицияға үлкен соққы
Оның жоғалуы беларусь оппозициясы үшін үлкен соққы болды. Сарапшылардың пікірінше, оны күшпен алып кету ықтималдығы төмен, бірақ шантаж немесе психологиялық қысым болуы мүмкін.
Қазіргі таңда Анжелика Мельникова мен оның қыздарының нақты қайда екені белгісіз. Оппозиция өкілдері мен құқық қорғау ұйымдары бұл істі жіті бақылап отыр.
Мұның алдында Александр Лукашенконың 7-ші мәрте Беларусь президенті болғанын жазған едік.