Трамп Орталық Азия елдері арасында ең жоғары кедендік баж салығын Қазақстанға салды

АҚШ президенті Дональд Трамп ондаған ел мен ЕуроОдақтан әкелінетін тауарларға «өзара» кедендік баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Ақ үйдің X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жарияланған кестеде Қазақстан үшін белгіленген тариф мөлшері – 27%. Бұл – Орталық Азия елдерінің ішіндегі ең жоғары көрсеткіш.
Ақ үйдің таратқан жазбасы «Тәуелсіздік күніне орай өзара баж салығы» деген сөз тіркесімен жарияланған. Кестенің сол жақ бағанында АҚШ тауарларына басқа елдерде қолданылатын баж салығының шамасы көрсетілген — оған валюта бағамына ықпал ету мен сауда кедергілері де кірген. Оң жақ бағанда Америка Құрама Штаттарының жауап ретінде енгізген баж салығы жазылған, кейбір елдерге 50 пайыздық жеңілдікпен белгіленген. Көптеген мемлекеттер үшін бұл көрсеткіш 10%-ды құрайды.
ТМД елдерінің баж салығының жаңа мөлшерлемелері төмендегідей:
- Молдова — 31%
- Қазақстан — 27%
- Армения — 10%
- Әзербайжан — 10%
- Грузия — 10%
- Өзбекстан — 10%
- Түрікменстан — 10%
- Қырғызстан — 10%
- Тәжікстан — 10%
Өткен жылы Қазақстан АҚШ-қа соңғы онжылдықтағы ең ірі көлемде — 1,97 млрд долларға тауар экспорттады. Негізгі экспорттық өнімдер қатарында мұнай, уран (2023 жылмен салыстырғанда бес есе өскен), ферроқорытпалар және күміс бар. Ұлттық статистика деректеріне сәйкес, АҚШ Қазақстан экспортының 2,4 пайызын ғана құрайды. Қазақстанның басты экспорттық серіктестері — Италия (22,9%), Қытай (18,3%), Ресей (11,7%), Нидерланды (6,5%), Франция (4,5%) және Түркия (4,1%).
Сонымен қатар АҚШ — Қазақстан үшін басты импорттық серіктестердің бірі. Өткен жылы АҚШ-тан Қазақстанға 2,24 млрд доллардың тауары әкелінген. Бұл — ел импортының 3,4%-ы. Бұл көрсеткіш бойынша Америка төртінші орында, алдыңғы үштікке Ресей (30,5%), Қытай (25,3%) және Германия (4,7%) кіреді.