Трамптың салық саясаты алтын бағасын көтеріп жіберді

АҚШ президенті Дональд Трамп әлем елдерінің тауарларына баж салығын енгізген соң, алтын бағасы күрт көтерілді. Себебі бағалы құйма салықтан босатылған санаулы тауардың бірі.
Құрама Штаттар президенті жаңа салық саясатын жариялаған сәтте Азия нарығында алтын бірден 1,1%-ға көтерілді деп жазды Bloomberg.
Инвесторлар ең бірінші кезекте алтынға көз салды, өйткені олар әлем экономикасының жағдайына алаңдайды. Бағалы металл былтыр да қымбаттаған, ал биыл оның құны 20%-ға көтеріліп үлгерген.
«Алтынға деген өте жоғары деңгейдегі сұраныс сол күйі сақталып тұр», – дейді Deutsche Bank AG сарапшысы Майкл Сюэ Bloomberg агенттігіне.
Алтынның бір унциясы Сингапурде 3 167,84 долларға дейін көтерілген. Күміс пен палладий аздап арзандаған, ал платина қымбаттаған. Сюэ салық тарифтерінің салқыны күміс пен палладийге де әсер етуі мүмкін деп есептейді.
Әлем нарығында алтынның бір унциясы 3 мың долларды 14 наурызда бағындырған.
Бағалы алтын құймасын Қазақстанда қайдан алып, қалай сақтау керегін білгіңіз келсе, Kursiv.Media материалын оқыңыз.