Маңғыстау донор аймақтан, бюджетке тәуелді аймаққа айналды. Неге?

Маңғыстау облысы Қарақия ауданы мәслихатының депутаты Қалаубай Жанғабыл Маңғыстау облысының бюджеті өзіне көбірек жұмсалып жатқанын мәлім етті.
Оның сөзінше, біріншіден облыста халық саны көбейе түскен. Бұл жаңа жұмыс орындарын құру сияқты міндеттерді тудырады. Оның үстіне облыста туризмді дамытуға басымдық беріліп отыр. Оны атқаруға көп қаражат керек. Сондықтан облыс бюджетіне түсетін қаржының басым бөлігі бұрынғыдай республикалық бюджетке жолданбай, өңірде қалатын болған.
«Біздің Қарақия ауданы мұнай өндіретін компаниялардан түсетін салық есебінен облыс үшін донор аудан болып отыр. Қазір облыс бойынша халық саны 800 мыңның үстіне шықты. Облыс орталығында 250 мыңдай халық бар деп жобалаймыз. Сомен тетелес тұрған Мұнайлы ауданында 180 мыңдай, Жаңаөзеннің өзінде 150-160 мың халық бар», – деген ол мұның бәрі бюджетке қосымша жүктеме екенін жеткізді.
Мәслихат депутаты туризмді дамыту мақсатында көптеген жоба жоспарланып отырғанын жеткізіп, солардың бірі ретінде Бозжыраға салынатын жолды атап өтті.
Маңғыстау облысы ұзақ жылдар бойы еліміздің донор өңірі ретінде республикалық бюджетке қаржы аударып келген. Алайда 2023 жылдан бері донор қатарынан шығып, керісінше субвенцияға мұқтаж өңірге айналды. Мәселен, 2023 жылы республикалық бюджеттен 121,9 млрд теңге алса, 2024 жылы 135,6 млрд теңге алды. Ал биылға орталық бюджеттен 166,8 млрд теңге қаржы сұраған. Осылайша мұнайлы өңірдің бірі жылдан-жылға республикалық бюджеттен субвенция көзін арттырып келеді. Мұнай өндірісі өңір экономикасын ірі табыс көзіне айналдырғанымен, бұл қаражат республикалық бюджетке бағытталады, ал жергілікті бюджетке түсетін салық көлемі төмен.