
Қазақстандық жанкүйерлер, 5 сәуір, сенбі күні Астанада өтетін ірі бокс кешін тікелей эфирде тамашалай алады. Бұл кештің басты жекпе-жегінде – орта салмақтағы WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 KO) мен франциялық Анауэль Нгамиссен (14-0, 9 KO) кездеседі.
Тікелей эфир қашан және қайдан көрсетіледі?
- «Qazsport» телеарнасы бокс кешін 17:30-да бастайды.
- «Qazaqstan» арнасы тікелей эфирді 21:10-да бастайды.
Бұл — Жәнібек Әлімханұлының Қазақстан жеріндегі алғашқы ауқымды жекпе-жегі болмақ. Бұған дейін Жәнібек 2024 жылдың қазан айында Жаңа Зеландия боксшысы Андрей Михайловичті (21-1, 13 KO) тоғызыншы раундта нокаутпен жеңіп, белбеуін сақтады.
Нгамиссенгенің соңғы жекпе-жегі 2024 жылдың маусымында өткен. Франциялық боксшы грузиялық Сандро Джаджанидзені (12-3-6, 8 KO) үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңген еді.
Жәнібектен бөлек, бұл кеште кімдер жұдырықтасады?
Астана төріндегі бұл кеште еліміздің тағы бірнеше үздік былғары қолғап шеберлері шаршы алаңға шығады:
Сұлтан Заурбек, Батыржан Жүкембаев, Балауса Мұздиман, сондай-ақ, Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы, өзбекстандық Баходур Жалоловтың да жекпе-жегі жоспарланған.
Еске сала кетей, бұған дейін Астанада өтетін бұл жекпе-жектің билеттері сатылымға шыққаны туралы жазған едік. Билеттердің құны 20 000 теңге мен 255 000 теңге аралығында.