1 мамырдан бастап Өзбекстан бағытында жаңа әуе рейстері ашылады

«QazaqAir» әуе компаниясы Астана – Түркістан – Самарқан бағытында ұшатын жаңа әуе рейсін ашады. Бұл туралы Азматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Биылғы жылдың 1 мамырынан бастап қазақстандық «QazaqAir» әуе компаниясы Астана – Түркістан – Самарқан бағыты бойынша Өзбекстанға жаңа бағыт ашуды жоспарлап отыр» – делінген баспасөз хабарламасында.
Бұл бағыт бойынша қатынайтын әуе кемелері аптасына 2 рет, бейсенбі және жексенбі күндері ұшады. Солайша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы рейстердің жалпы саны аптасына 42-ден 44-ке дейін артпақшы.
Еске сала кетсек, Қазақстан ұшу географиясын кеңейтіп жатыр. Мәселен, 27 мамырдан бастап қазақстандық «SCAT» әуе компаниясының әуе кемесі Шымкенттен Мюнхенге қатынай бастайды. Бұл бағыттағы ұшақтар аптасына 3 рет қатынайды.