Қазақстандық дәрігерлер ойлап тапқан бірегей медициналық құрылғы Жапониядағы ЭКСПО-да таныстырылады

Қазақстандық дәрігерлер ойлап тапқан бірегей құрылғы Жапониядағы ЭКСПО көрмесінде таныстырылады . Бұл туралы Kursiv.Media редакциясына «Heart Center Foundation» қорының баспасөз қызметі хабарлады
Expo 2025 көрмесі 13 сәуір күні Жапонияның Осака қаласында басталады.
«Жапонияда өтетін Дүниежүзілік EXPO 2025 көрмесінде Қазақстан донорлық жүректі 24 сағаттан артық сақтауға мүмкіндік беретін Alem бірегей құрылғысын көпшілік назарына ұсынады. Бұл трансплантология саласындағы ғылыми жетістік. Өйткені бүгінгі күні әлемде мұндай техникалық параметрлер бойынша жұмыс істейтін құрылғылардың аналогтары жоқ», – деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.
Айта кетсек, Қазақстанда ағзаны адам денесінен бөлек сақтап, кейіннен трансплантациялауға арналған инновациялық құрылғы әзірленіп жатқанын Үкіметтің баспасөз қызмет өткен жылдың аяғында хабарлаған болатын. Ғалымдар соғып тұрған жүректі, сондай-ақ «тыныс алып тұрған» өкпені және жұмыс істеп тұрған бауырды сақтауға бағытталған жаңа технологияларды әзірлеп жатқаны айтылған. Бұл құрылғының ерекшелігі ағзаны адам денесінен бөлектеп алып ультрадыбыстық, тамырішілік артериялық зерттеулер жүргізу арқылы емдеп, бағалауға болады.