Қаламгерлердің ұлдары қалай билік жүргізіп отыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қаламгерлердің ұлдарының тізімі мұнымен шектелмейді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Қаламгерлердің ұлдарының тізімі мұнымен шектелмейді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қаламгерлердің ұлдары билік тізгінін ұстап отыр. Мемлекеттегі үш ең жауапты қызмет атқаратын тұлғалар зиялы отбасыдан шыққан.

Айталық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі қолына қалам ұстаған жазушы әрі журналист еді.

Ал мемлекеттегі екінші адам, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев – әдебиеттанушы, сыншы, жазушы, тележурналист, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың ұлы. Оның анасы Шәрбану Бейсенова да әдебиеттен алыс емес.

Ал Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің де әкесі – зиялы қауым өкілі. Тынымбай Қарин Қазақстан жазушылар одағының мүшесі болды. Бір қызығы, мемлекеттік кеңесшінің әкесі ғана емес, қайын атасы да – қаламгер. Жазушы Дидахмет Әшімханұлы Ерлан Қарин үйіне бас сұқса, төс береді.

Кемел Тоқаев шығармашылығы

2023 жылы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай оның шығармашылығы кеңінен насихаттала бастады. Мемлекеттік мекемелерді айтпағанда, университеттер жаппай әдеби іс-шаралар өткізді. Биыл 22 қаңтарда Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен аdebiportal.kz порталында Кемел Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» атты аудиокітабы жарияланды. Министрлік кітап басу саласындағы соңғы үрдістер мен оқырман сұранысын ескергенін алға тартты. «Қаламгерлердің ұлдары» деген атау Тоқаевқа жастайынан қайрау болғаны анық.

Кемел Тоқаев 1923 жылы Алматы облысының Қаратал ауданында өмірге келген. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан»), «Лениншіл жас» («Жас Алаш»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») басылымдарында жұмыс істеді. Бірнеше кітаптың, пьесалардың авторы.

Сағат Әшімбаев және Шәрбану Бейсенова

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев – әкесі де, анасы да қаламгерлер. Сыншы, қоғам қайраткері болған Сағат Әшімбаевты көпшілікке жақсы таныс. «Талантқа тағзым», «Ақиқатқа іңкәрлік», «Шындыққа сүйіспеншілік», «Парасатқа құштарлық», «Сын мұраты» сияқты әдеби сын кітаптары әр қазақтың үйінен табылады.

Қаламгерлер ұлдарының бірі – Мәулен Әшімбаевтың анасы Шәрбану Бейсенова да – жазушы, журналист. «Парасат» («Мәдениет және тұрмыс»), «Қазақстан әйелдері»,  «Қазақ әдебиеті» басылымдарында қызмет атқарды. Қаламынан «Қызғалдақтар», «Тойға келген келіншек», «Сүзгенің соңғы күндері», «Тағылымды тағдырлар» атты шығармалар шыққан.

Тынымбай Төлепбайұлы

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің әкесі Тынымбай Қариннің мамандығы инженер-технолог. Ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл қызмет етті.  Ақтөбенің Ауылшаруашылық машина жасау заводында инженер де болды.

Өзге сала қызмет етсе де, бір иығын әдебиетке беріп тұрған. Шығармашылықпен әуестігі еш кетпеді. «Ымырт» атты тырнақалды туындысы жас жазушылар жинағына енді. «Қанағат». «Өмір сыры» атты әңгімелері шықса, «Ғасыр үні»,  «Шырғалаң», «Ұлы сезім» атты романдары да жарық көрді. Биліктегі қаламгерлердің ұлдарының бірі Ерлан Қарин – Тынымбай Төлепбайұлының үшінші перзенті.

Жазушылардың ықпалды балалары

Биліктегі қаламгерлер ұлдарының тізімі мұнымен шектелмейді. Әр кезеңде министр, әкім болып, түрлі жауапты қызмет атқарғандары аз емес. Мәселен, Ұлттық банкті бір кездері басқарған Қайрат Келімбетов – түркі әлемін зерттеген ғалым, драматург Немат Келімбетовтің ұлы. 

Ақтоты Райымқұлова болса, жазушы Рахметолла Райымқұловтың қызы. Қалижан Бекхожиннің ұлы Ерлан Бекхожин, Хамит Ерғалиевтің қызы  Гүлжан Ерғалиева журналистика саласында басшылық қызмет атқарды.

Елшілік қызметтерде, қаржы саласында, әкімдіктерде жауапты қызмет атқарып жүргендері өте көп. Санамаласақ, бұл тізім тым ұзаққа созылады.

Қалам мен билік байланысы

Мемлекеттегі маңызды қызметтің тізгінін ұстаған тұлғалардың әкесі жазушы, журналист болуы әсте кездейсоқтық емес. Жазушылар одағы сол дәуірде мемлекет идеологиясын жүргізіп, халыққа кеңінен насихаттады. Шығармашылықтан бөлек, қоғамдық қызметтермен айналысты. Депутат болып сайланды. Билікпен тығыз байланысы болды.

Әрі ол кезде жазушылардың мәртебесі де жоғары еді. Мемлекет тарапынан қолдауды айтпағанда, ғаламтор жоқ кезде, кітап қолдан қолға тимей  оқылатын. Жазушылардың әлеуметтік жағдайы да қазіргі бизнесмендерден кем түспеді деген пікір соңғы кездері жиі айтылады. Балаларын беделді, мықты университеттерде оқытуға мүмкіндіктері де болды. Билікте қаламгерлердің ұлдарының, қыздарының көптігінің бір сыры осында жатса керек.

Содан кейін, қарымы мен дарыны әкелерінен дарығанын да жоққа шығаруға болмас. 

Сондай-ақ оқыңыз