Тоқаев Еуропа елдеріне Astana Hub базасында инновациялық кампус құруды ұсынды

Тоқаев Самарқандта өткен «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммитінде Еуропа елдеріне Astana Hub базасында инновациялық кампус құруды ұсынды.
«Team Europe бастамасы арқылы Еуропалық Одақ Орталық Азия елдеріне цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қолдау көрсетеді. Қазақстан ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға дайын. Осыған байланысты Astana Hub негізінде «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» инновациялық кампусын іске қосуды ұсынамын», – деді Тоқаев.
Ол 2025 жылы Жасанды интеллект бойынша Халықаралық консультативтік кеңес құрылғанын атап өтті. Қазір елде 100 мың IT-маман даярланып жатыр, ал Астанада инновациялар мен стартаптарды қолдау үшін Alem.AI орталығы ашылған. Жасанды интеллектті дамытуға бағытталған венчурлық қор да іске қосылған.
Тоқаев Қазақстанның Erasmus+ және Horizon Europe бағдарламаларына белсенді қатысып, шетелдік университет филиалдарын дамытып жатқанын атап өтті. Ол Орталық Азия елдеріне арналған «Erasmus+» бағдарламасын құруды ұсынып, оны басым салалар бойынша мамандар даярлауға бағыттауды ұсынды.
Сондай-ақ мемлекет басшысы Қазақстанның ЕО-ға 2 млрд доллар көлемінде экспортты арттыруға дайын екенін айтып, еуропалық компанияларды Астана халықаралық қаржы орталығына тіркелуге шақырды. 2024 жылы Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы тауар айналымы 50 млрд долларға жетіп, бір жылда 17%-ға өсті.
Самарқандтағы саммит аясында Тоқаев Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президентімен кездесу өткізді. Банк елдегі бірқатар жобаларға 2 млрд еуро көлемінде инвестиция салуға дайын.