Жыл басынан бері үш айда Ұлттық қордан 1,45 трлн теңге алынған

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: Асқар Ахметуллин

Жыл басынан бері үш айда Ұлттық қордан 1,45 трлн теңге алынған. Дәл осы уақытта қорға 631 млрд теңге қаражат түсті. Бұл туралы Қаржы министрлігі сәуірде жариялаған ай сайынғы есепте жазылған.

2024 жылдың басындағы үш аймен салыстырғанда түсімдер 46%-ға қысқарды, ал алынған қаражат көлемі өзгеріссіз қалды.

Мұнай секторынан тікелей салық түсімдері айтарлықтай төмендеді:

  • Корпоративтік табыс салығы (КТС) – 60%-ға немесе 377,6 млрд теңгеге;
  • Пайдалы қазбаларды өндіру салығы (ПҚӨС) – 76%-ға немесе 85 млрд теңгеге;
  • Экспорттық рента салығы – 40,8%-ға немесе 48,8 млрд теңгеге;
  • Өнімді бөлу туралы келісімдер (ӨБК) бойынша үлес – 12%-ға немесе 32,1 млрд теңгеге.

Ұлттық қордан алынған 1,45 трлн теңге мына бағыттарға жұмсалды:

  • Кепілдендірілген трансферт – 1,2 трлн теңге
  • Нысаналы трансферт – 250 млрд теңге
  • Басқару шығындары – 1,3 млрд теңге

Осылайша, 2025 жылдың алғашқы үш айында Ұлттық қордың таза операциялық сальдосы (-)819,8 млрд теңгені құрап, қор активтері 32,2 трлн теңгеге дейін азайды.

«Мұндағы негізгі мәселе – мұнай секторындағы салық түсімдерінің күрт төмендеуі. Бұл жағдай мұнай өндіру көлемінің өсуіне қарамастан болып отыр және экономиканың ренталық кірістерге тәуелді екенін көрсетеді. Мұнай бағасы төмендеген кезде бюджетке түсетін қауіп-қатерлер күрт артады», – дейді Tengenomica арнасының авторы, сарапшы Руслан Сұлтанов.

Биыл билік Ұлттық қордан  5,2 трлн теңге (2 трлн – кепілдендірілген, 3,6 трлн – нысаналы трансферт) қаржы алуды көздеп отыр. Бірақ жаңа Салық Кодексі қабылданып, қосылған құн салығының мөлшері көтерілгеннен кейін, қордан қаржы алуды азайтамыз деп сендірді. 2026 жылдан бастап Ұлттық қордан алынатын кепілдедірілген трансферт көлемі жылына 2 трлн теңге, ал нысаналы трансферт оның 30%-нан аспауы тиіс.  

Айта кету керек, АҚШ пен Қытай арасындағы баж салығына қатысты «соғыс» пен ОПЕК+ келісімінен кейін, мұнай бағасы да төмендеді. Қазір Brent маркалы мұнай бағасы 66 доллар көлемінде саудаланып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз