OPEC+ мүшелері квота бұзғандарға қысым көрсетуге келісті

OPEC+ ұйымына мүше сегіз ел 3 сәуірдегі жиналыста мұнай өндірісі квотасын бұзғандарға қысым көрсетуге келісті. Бұл туралы Bloomberg делегаттар сөзіне сүйене отырып хабарлады.
OPEC+ Қазақстанға қысым жасай ма?
Қазақстан 2024 жылы да, биыл да ұйым белгілеген квотаны қайта-қайта бұзып, OPEC+ мүшелерінің, соның ішінде Сауд Арабиясының ашуын туғызған. Ұйымның 3 сәуірдегі онлайн кездесуінде Қазақстан мәселесі де талқыланатыны мәлім болған.
«Бейсенбідегі кездесу Қазақстанның жаңа министріне өндіріске қатысты талаптарды орындаудың, артығының есесін қайтарудың маңызды екенін түсіндіру үшін керек», – дейді делегаттардың бірі Reuters агенттігіне.
Bloomberg мәліметінше, кешегі жиналыста шынымен Қазақстан мәселесі сөз болғанға ұқсайды. Агенттік ұйымның «ішкі мәселелері» туралы былай деп жазды:
«Ұйым саясаты өзгергенге дейін топтың өз ішінде өндіріс лимиті қайта-қайта бұзылып, кикілжің туғызған мәселеге айналған. Ауқымды Теңіз мұнай кен орнын кеңейту барысында өндіріс квотасын қатты асырып жіберген Қазақстан жанжалға себеп болған.
Келіссөздер жабық өтуіне байланысты аты-жөні мақалада аталмауын қалаған делегаттар квотаны бұзушыларға баға жағынан қысым көрсету жөнінде шешім қабылданғанын айтты. Бұған қоса артық өндірісті еселеп қайтаруға мүмкіндік беруге келісті», – деп жазды Bloomberg.
Ішкі жау
Қазақстан, OPEC+ келісіміне сәйкес, мұнай өндірісін тәулігіне 1,468 млн баррельден асырмауы тиіс болған. Алайда республика 2024 жылдың басынан бері квотадан асып кетіп, альянс алдындағы міндеттемесін қайта-қайта бұзды. Мұндай жағдай 2025 жылы да қайталанды.
Соған байланысты Bloomberg 2025 жылы Қазақстан картельдің «ішкі жауына» айналуы мүмкін деп болжаған.
Осының алдында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов Қазақстан OPEC-ке бақылаушы ел болғандықтан, оның талаптарын орындауға міндетті емес деп мәлімдеген.
Бұдан бөлек OPEC+ 3 сәуірдегі кездесуде 2025 жылғы мамырда тәулігіне 411 мың баррельге дейін мұнай өндіруге келіскен. Ұйымға мүше сегіз ел енді 5 мамырда кездесіп, маусым айына арналған өндіріс көлемін анықтайды.
OPEC+ ұйымына Сауд Арабиясы, Ресей, БАӘ, Кувейт, Ирак, Алжир, Қазақстан және Оман елдері мүше.