Депутаттар ақша аударымы үшін салық салуға қарсы шықты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Парламент депутаттары Салық кодексі жобасына қатысты ұсыныс тастады / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Парламент депутаттары жаңа салық кодексінің жобасы бойынша бірқатар түзету ұсынды. Атап айтқанда, заң шығарушылар ақша аударымы үшін қосылған құн салығын салуға қарсы шықты.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, депутаттар білім, ғылым, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау салаларын қолдау және осы бағыттарда қымбаттауды болдырмау мақсатында бірқатар түзету ұсынды.

Ғылым мен әдебиетке қолдау

Мәселен, заң шығарушылар мәдениет, тарихи-мәдени мұра және арнайы әлеуметтік қызметтер саласындағы ұйымдарды корпоративтік табыс салығынан (КТС), ал отандық кітап пен анимация индустриясын қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатуды ұсынды.

Депутаттар тағы бірқатар ұсыныс түсірді:

  • Білім, ғылым, спорт және денсаулық сақтау ұйымдары үшін корпоративтік табыс салығын 5%-ға дейін төмендету;
  • Қатерлі ісік, орфандық, психикалық, жүрек-қан тамырлары, бүйрек, аутоиммунды, диабет және басқа да күрделі ауруларды емдеуге бағытталған медициналық қызметтерді ҚҚС-тен босату; ал қалған бағыттар бойынша да ҚҚС-ті қазіргі деңгейдегідей 0% күйінде сақтау немесе 5%-ға дейін азайту;
  • Аталған ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттарды ҚҚС-тен босату, ал басқа бағыттар бойынша да 0%, болмаса 5%-ға дейін азайту;
  • Әдеби, көркем және ғылыми шығармалар үшін авторлық алымдарға салық жеңілдіктерін беру.

Ойынханаларға көп салық салу

Салық кодексі жобасымен танысқан депутаттар қаржы қызметтерінің қымбаттауына жол бермес үшін тағы бірнеше ұсыныс түсірді:

  • Қаржылық қызметтерге (банк аударымдары, зейнетақы қорларының қызметі, төлем карталары бойынша операциялар) ҚҚС салмау, яғни бұл саланың қымбаттауына жол бермеу;
  • Букмекерлік кеңселерге, ойынханаларға салықты айтарлықтай көбейту;
  • Құрамында трансмайлар мен энергетикалық сусындар бар өнімдерге акциз;
  • Көптеген монополияларға арналған салықтық жеңілдіктерді жою;
  • Саяжайларға салынатын салық мөлшерін төмендету.

Айтмағамбетовтің айтуынша, түзетулер әлі де жұмыс тобының отырыстарында талқыланып жатыр. Нақты шешім әлі қабылданбады деп жазды депутат.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 20 ақпанда Ұлттық экономика министрлігі Салық кодексінің жобасын Мәжіліс қарауына ұсынған. Министрлік мәліметінше, ҚҚС көтергеннен кейін, бюджетке жыл сайын шамамен 5 трлн теңге түсуі керек.

Сондай-ақ оқыңыз