Қазақстанның барлық аймағында әлеуметтік төлемдердің мөлшері теңестірілуі мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Әр өңірде әлеуметтік төлемнің мөлшері әртүрлі / Фото: kursiv.media архиві

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова өңірлердегі әлеуметтік төлемдердің мөлшерін теңестіру жоспарланып отырғанын хабарлады.

Министрдің айтуынша, әлеуметтік төлемдердің тең бөлінбеуінің салдарынан көші-қон тұрақсыздығы орын алуда.

 «Әлеуметтік қолдау мен өзге де  көмек пакеті бар жерде адамдар елдімекендерден көше бастайды. Өңірлер бойынша мысалдар келтіретін болсақ, кең көлемді әлеуметтік пакеттер Астанада, Алматыда және Шымкентте. Сондықтан миграциялық ағымдар осы қалаларға бағытталады», – деді Жақыпова мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырыс барысында.

Министр кейбір өңірлерде қазақстандықтар бес түрлі төлем алса, кейбір өңірлерде 25 түрге дейін төлемдер алатынын айтады.

«Сондықтан біз өңірлер бойынша ақпарат беріп, осы бағдарламаларды бір стандартқа келтіру бойынша жұмыс жүргізуіміз қажет. Ол әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруда әлеуметтік әділдік қағидатын қамтамасыз ету үшін қажет. Егер азамат ауылда тұрса, басқа азамат Астанада тұрса екеуінің құқықтары бір болу керек. Стандарттың бір ғана  өлшемі болу керек. Анау жерде кішкене ғана беріледі, мына өңірде көп береді деген болмау керек», – деп түсіндірді министр.

Осыған дейін Светлана Жақыпова жұмыс істейтін зейнеткерлерге зейнетақы төлеуді тоқтату туралы мәлімдемесіне пікір білдірген болатын. Министр қазіргі уақытта жұмыс істеп, қосымша зейнетақы алып жүрген зейнеткерлердің қаражаты қысқартылмайтынын айтты. Ал осыдан бірнеше күн бұрын тарап кеткен ақпараттың көпшілікке қате жеткенін, сондықтан журналистерді халықты жаңылыстырмауға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыз