Мемлекет саясатын халыққа түсіндіру жеткіліксіз, оған сендіру керек – Мәулен Әшімбаев

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттарына біліктіліктерін көтеру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру жеткіліксіз, оған сендіре білу керектігін айтты.
Спикер өңірлерден келген депутаттардың алдына бірнеше міндет қойды. Ең алдымен, депутаттарды біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыруға шақырды.
«Мәслихат депутаттарының әлеуметтік-экономикалық мәселелерден хабардар болуы жеткіліксіз. Олар азаматтармен тиімді ашық диалог жүргізе білуі қажет. Жұртшылыққа ақпарат беріп қана қоймай, оған мемлекеттік саясатты түсіндіріп, сендіре алуы керек», – деді Сенат төрағасы.
Әшімбаев мәслихат депутаттарына бюджеттерді бекітіп қана қоймай, олардың орындалуын да тұрақты бақылауда ұстауға тапсырма берді.
Айта кетейік, бүгін, 4 сәуірде елордада Сенат жанындағы мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Оған аймақтардан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жиналды.
Бүгінде елімізде 3300-ден астам мәслихат депутаты бар.