Саяхаттағы ең маңызды қауіпсіздік ережелері

Жарияланды
Фото: kursiv.media архивінен

Cаяхатқа жалғыз немесе топпен шыққаныңызға қарамастан, үнемі қаперден шығаруға болмайтын маңызды қауіпсіздік ережелері бар. Оларды ескеру денсаулығыңызды, ақшаңыз бен өміріңізді сақтап, саяхат кезіндегі көп қауіптің алдын-алуы мүмкін. Ендеше төменде көрсетілген ережелерді келесі сапарыңызға сақтап алыңыз.

Көп көлемде қолма-қол ақша алып жүрмеңіз. 

Қолда бар қорыңыздың бәрін ұрлатып немесе жоғалтып алсаңыз, шетелде құр алақан қалып қоясыз. Сондықтан саяхатқа алып шығатын ақшаны бірнеше картаға бөліп сақтаған дұрыс. Бұл шетелде картаңыз кенет бұғатталып қалса, банкомат жұтып қойса, жоғалтып алсаңыз немесе пин-кодыңызды ұмытып қалған жағдайда, бар ақшаңызды пайдалана алмай қалу қаупінен құтқарады. 

Visa, mastercard төлем жүйелерінің екеуінен де карта болғаны дұрыс. Қазақстандық банктердің карта бойынша ұсыныстарын қарап шығып, ең тиімділерін ашып алыңыз. Кэшбегі жоғары карталармен ұшақ билеттерін, қонақүй ақысын төлесеңіз, ақшаның бір бөлігін қайтарып аласыз. 

Картаңыз болса, кез келген елдің банкоматынан жергілікті валютада ақша шешіп алуға болады. Көп банкомат комиссия ұстайды. Сондықтан баратын еліңізде қай банкоматтан ақша шешкен дұрыс екенін интернеттен іздеп, қарап алыңыз. Комиссиясы төмен немесе мүлде ақы алмайтын (кей елдерде ақшаны тегін шешуге болатын банкоматтар да бар) түрін таңдаңыз.

Кей арал, шағын қалаларда ақша шешу мүмкіндігі болмауы мүмкін. Ондай жағдайлардың алдын-алу үшін үнемі саяхатта өзіңізбен азын-аулақ шетелдік валюта (доллар немесе еуро) алып жүріңіз. Валюта айырбастау орнынан жергілікті ақшаға ауыстырып аласыз. 

Баратын еліңіздегі алаяқтық түрлерін алдын-ала біліп алыңыз

Іздестіру жүйесіне «____» (елдің аты) scam (алаяқтық) деп жазсаңыз, алаяқтық жайлы ескертулер, жаңалықтар мен мақалалар шығады. Мәселен, таксиде, массаж жасайтын орындарда, қонақүйде туристерді артық ақшаға түсіру схемалары болуы мүмкін. Ықтимал алаяқтық түрлерін білсеңіз, сақ жүресіз.

Төтенше жағдайлар мен елшіліктің байланыс номерін білу артық етпейді

Баратын еліңіздегі полиция, жедел жәрдем немесе төтенше жағдай желісі, ол жақтағы Қазақстан елшілігінің байланыс нөмірлерін сақтап алыңыз.

Cөмкеге арналған құлып (travel lock) пайдаланыңыз

Қонақүйлерде қызметкерлер, хостелдерде бірге тұратын адамдар бағалы заттарыңызды ұрлап кетуі мүмкін. Ең дұрысы — рюкзак немесе чемоданға бөлек сатылатын құлып (интернетте түр-түрі бар) салып қою. Хостелде локер (сөмке, бағалы заттарды сақтайтын орын) болса, өзіңіз сыртта жүргенде, дүниеңізді сонда қалдырып кетіңіз. Кей қонақүйлерде сейфті пайдалануға болады.

Құжатқа мұқият болыңыз

Төлқұжат, виза, сақтандыру мен жүргізуші куәлігі сияқты маңызды қағаздардың онлайн және қағаз көшірмесін жасап алу керек. Құжат жоғалып немесе бүлініп қалса, жаңасын жасатуға, уақытша рұқсат қағазын алуға көмектеседі. 

Құжаттарды үнемі өзіңізбен алып жүрмеңіз, сенімді жерде сақтаңыз

Құжаттардың сыртына су өтпейтін қаптама алыңыз. Құжатты сыртқы қалталарда емес, ішкі, жасырын орындарда сақтау керек. Күнделікті саяхатта, көшеде жүргенде ақшаңыз бен төлқұжатыңызды сенімді жерге қалдырып кеткен дұрыс. Жағажайда сөмкеңізді біреу ұрлап кетсе немесе ішіне су төгілсе, қиын жағдайда қалуыңыз мүмкін.

Достарыңыз бен отбасыңызға локацияңызды жіберіп, жоспарларыңыздан құлағдар етіп отырған дұрыс

Әсіресе, сізбен тұрақты байланыста болатын адамның ағылшын тілін білгені, саяхаттан хабары болғаны жақсы. Бұл ереже тауға жалғыз шығатын, автостоп жасайтын, жалғыз саяхаттайтын, алыс аралдарға немесе тайпаларға, байланыстан тыс жерлерге турға жиналған адамдар үшін өте өзекті. 

Соло-саяхатшылар жақынымен автостоп кезінде қандай көлікке отырғанын, мүмкін болса, жүргізушінің суретін бөлісіп отырғаны дұрыс. Жергілікті халықтың үйінде тұрсаңыз, хостың номері, суреті, геолокацияңыз бір досыңызда болсын. Топпен турға барсаңыз, жолда кездескен жаңа достарыңызбен бір жаққа жиналсаңыз, жай ғана қайда жүргеніңізді жақындарыңызға ескертіп отырыңыз. Бұл өзіңізге де, сізді жақсы көретін адамдарға да үлкен қамқорлық!

Ішкі түйсігіңізді тыңдаңыз 

Әдетте адам өзіне жайсыз ортаны, ниеті бұзық адамдарды, қауіпті алдын-ала сезеді. Бірақ ішкі түйсігіңізге назар аудармасаңыз, күйіңізге құлақ аспасаңыз, маңызды сигналдарды жіберіп алуыңыз мүмкін. Саяхатта сіздің өзіңізден артық жақыныңыз жоқ екенін ұмытпаңыз. Өзіңізге сеніңіз және әрдайым сезімдеріңізге мән беріңіз. 

Көп елде краннан су ішпеңіз, тамаққа мұқият болыңыз

Мейрамханаларда тегін беретін судың фильтрден алынғанына көз жеткізіп барып қана ішіңіз. Азия елдерінің көбінде кран суына жуылған көкөністен, мұз қосылған сусындардан (мұзды көбіне кран суынан қатырады) туристерде ішек инфекциясы жиі тіркеледі. Мұндай қауіптің алдын-алу үшін тазартылған су ішіңіз, мүмкін болса, тісті де ауыз сумен тазалау керек. Тамақ ішетін орындарға мұқият болыңыз, антисептик алып жүріңіз, қолыңызды жумай ештеңе жемеңіз.

Дәрі-дәрмек қорапшасы

Елден өзіңізге жақсы әсер ететін, ағзаңыз үйренген дәрілерден шағын қалташа жинап шығыңыз. Классикалық жинақ дене қызуының көтерілуі, тұмау, іш пен бас ауруы, аллергияға қарсы, ас қорытуды жеңілдететін, ішек микрофлорасын қалпына келтіретін, ішек инфекциясы кезінде ішілетін дәрілерден тұрады. 

Медициналық сақтандыру жасатыңыз

Шетелде қатты ауырып немесе жарақат алсаңыз, емделу қалтаға ауыр соғады. Қайда барарыңызды білмей, уақыт жоғалту өміріңізге қауіп төндіруі мүмкін. Мұндайда медициналық сақтандыру құтқарады, қазір оның түрі көп. 

Елдегі сақтандыру компанияларына хабарласып, баратын еліңізге қандай сақтандыру барын сұрап, бағаларын, ішіне не кіретінін салыстырып көріңіз. Дұрысы, осы сақтандыруды пайдаланған адамдардың пікірін оқып, зерттеп көру. Кейде сақтандыру іс жүзінде уәде етілгендей жақсы қызмет көрсетпеуі мүмкін. 

Баратын еліңіздегі қауіпті аудандарды белгілеп алыңыз

Әр елде қылмыс деңгейі жоғары көшелер мен аудандар болады. Мұндай орындарды алдын-ала білсеңіз, ол аймақты айналып өтесіз немесе жалғыз жүрмеуге, қараңғыға қалмауға тырысасыз. 

Жергілікті мәдениеттің ерекшеліктерін білу

Жергілікті халықтың наным-сенімі, мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қараңыз. Елде киім үлгісіне қатысты талаптар болса, соны сақтауға тырысыңыз. Ешкіммен дін, саясат, ұлт сияқты тақырыптарда тартыспаңыз. Ешкімнің тұрмысын, өмір салтын сынамаңыз, қалай «дұрыс» өмір сүру керегін үйретпеңіз. Бұл — барып тұрған мәдениетсіздік, мұндай әрекетті саяхатта ғана емес, өз еліңде де істеуге болмайды. 

Әр елдегі заңдар мен тыйымдарды шолып шығу

Барған еліңізде айыппұл арқалап, ескерту алып немесе полицияның қолына түскіңіз келмесе, қоғамдық тәртіп ережелерін бір шолып шыққан жөн. Адамдарды суретке түсіру, ашық киіммен суға түсу, Рамазан айында көшеде тамақ немесе су ішу, автостоп жасау, алкоголь ішу, кэмпинг жасау сияқты сізге қалыпты көрінген көп дүние кей елде қоғамдық тәртіпті бұзу деп бағаланады. Сондықтан өзіңіз жүрген елдегі тыйымдарды біліп жүру көп көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыз