Израиль армиясы дәрігерлер тобын қателесіп атып өлтіргенін мойындады

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Шабуыл құрбаны болған дәрігерлерді 31 наурызда жерлеген / фото: REUTERS/Hatem Khaled

Израиль армиясы 23 наурызда Газаның оңтүстігінде гуманитарлық миссия құрамындағы бір топ адамды қателесіп атып өлтіргенін мойындады. Бұл туралы BBC телеарнасы хабарлайды.

Дәрігерлерді өлтіру қылмысы

Оқиға 2025 жылғы 23 наурызда болған. Сол түні Қызыл Жарты Ай палестиналық ұйымының жедел жәрдем көлігіне, БҰҰ автокөлігі мен Газа азаматтық қорғанысының өрт сөндіру машинасына Рафахқа жақын маңда шабуыл жасалған.

Израиль бастапқыда әскерилер түнде жарықты немесе жылтылдақты қоспай келе жатқан «күдікті» көліктер тобына оқ атты деп мәлімдеген.

Алайда қаза болған фельдшерлердің бірі мобильді телефонына түсіріп үлгерген видео мұндай нұсқаны жоққа шығарып отыр. Видеода көмек көрсетуге бара жатқан көліктер тобы жолда жарықты, жылтылдақты да жағып келе жатқаны анық көрінеді. Содан кейін оларды ата бастаған.

Соған қарамастан Израиль қорғаныс армиясы дәрігерлердің кем дегенде алтауының ХАМАС-пен байланысы бар деп отыр, алайда әзірге ешқандай дәлел келтірген жоқ. Бірақ армия солдаттар оқ атқан уақытта олар қарусыз болғанын мойындайды.

Израиль солдаттары 15 адамды атып өлтіріп, оларды құмға көміп тастаған. Келесі күні мүрделерді басқа бір жерге көшірген деп жазды телеарна.

Халықаралық ұйымдар әділдік талап етті

Олардың денесі бір аптадан кейін ғана табылды. Себебі халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ дабыл қаққан.

Қызыл Жарты Ай және басқа да халықаралық ұйымдар әділ тергеу жүргізуді талап етіп отыр.

Израиль биыл 18 наурызда Газа секторын әуеден атқылап, құрлықтағы шабуылдарын қайта жалғастырған. Себебі атысты доғаруға берілген уақыт түгесілген.

Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс 2023 жылғы 7 қазанда басталды. Сол күні ХАМАС содырлары Израиль аумағына басып кіріп, 1200-ге жуық адамды өлтірген. Содырлар тағы 251 адамды кепілге алған.

Палестина мәліметінше, соғыс басталғалы бері Газа секторында 50 мыңнан аса адам қаза тапты.

Сондай-ақ оқыңыз