Lifestyle

Электромобиль өндірісі: шығын ба, пайда ма?

Электромобиль өндірісі: шығын ба, пайда ма? / REUTERS, бильд-редактор: Милош Муратовский
Электромобиль өндірісі: шығын ба, пайда ма? / REUTERS, бильд-редактор: Милош Муратовский

Электромобильдер көлік нарығының ажырамас бөлігіне айналды. Көптеген ел іштен жанатын қозғалтқыштары бар көліктерге тыйым салуды жоспарлап отыр. Ал компаниялар электр көліктерін дамытуға миллиардтаған доллар инвестиция құюда. Алайда сұраныстың артуына және үкіметтердің қолдауына қарамастан, электромобиль өндірісі көптеген автоконцерн үшін әлі де үлкен шығын болып отыр.

Rho Motion талдау компаниясының деректеріне сәйкес, 2024 жылы тек төрт компания ғана пайда тапқан. Қалғандары әлі де қаржылық шығынға ұшырап, көбіне ірі инвестициялардың арқасында жұмыс істеп келеді. 

Неліктен электромобиль өндірісін табысты ету қиын? Қандай компаниялар қазірдің өзінде пайда тауып жатыр, қайсысы шығыннан шыға алмай отыр?

Көшбасшылар туралы 

Электромобиль шығаратын компаниялардың ішінде 2024 жылы тек төртеуі ғана табысқа қол жеткізді:

  • Tesla 
  • BYD 
  • Li Auto
  • Seres Group (Aito бренді)

Электромобиль нарығындағы ең табысты компания Tesla болып отыр. Бірақ сарапшылар оның кірісі азайып жатқанын атап өтеді. Бұл бәсекелестіктің күшеюі, өндіріс шығындарының артуы және жаңа зауыттардың ашылуы сияқты факторларға байланысты.

Көшбасшылардың қатарында Қытайлық BYD-де бар. Оның операциялық маржасы 6,4%-ды құрады. Tesla-ға қарағанда, BYD қарқынды өсіп, өндіріс шығындарын төмендету арқылы нарықтағы орнын күшейтуде.

Li Auto және Seres Group (Aito бренді) да пайда тапқан. Бұл компаниялар негізінен Қытай нарығына бағытталған және мемлекеттік субсидиялар мен салықтық жеңілдіктердің арқасында қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізіп отыр.

Электромобиль өндірісі әлі де тиімсіз

Электромобильдердің танымалдығы артқанымен, автоконцерндердің басым бөлігі әлі де шығынға батып отыр. Мұның бірнеше негізгі себебі бар:

1. Өндіріс шығындарының жоғары болуы

Электромобильдердің ең қымбат бөлігі – литий-ионды аккумуляторлар.

Батареялардың бағасы автомобиль құнының 30-40 %-ын құрайды. Сонымен қатар өндіріс үшін литий, никель, кобальт сияқты сирек кездесетін металдар қажет. Олардың бағасы тұрақсыз, бұл автоконцерндердің кірісіне айтарлықтай әсер етеді.

2. Зерттеулер мен технологияларға салынған инвестициялар

Автоконцерндер жаңа модельдерді, батарея технологияларын, автономды жүргізу жүйелерін және бағдарламалық жасақтамаларды әзірлеуге миллиардтаған доллар жұмсайды.

Volkswagen 2027 жылға дейін 180 млрд доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. Ford, General Motors және басқа да автоөндірушілер электромобиль өндірісіне рекордтық қаражат құюда. Бірақ мұндай инвестициялар бірден емес, бірнеше жылдан кейін ғана пайда әкеледі.

3. Бәсекелестік және баға демпингі

Қытайлық компаниялар әлдеқайда қолжетімді электромобильдер ұсынып, батыстық брендтерді нарықтан ығыстырып жатыр.

BYD, Nio, Xpeng, Li Auto, Zeekr және басқа да қытайлық өндірушілер автомобильдерді 20-30 % арзанға сатып, халықаралық нарықтарда белсенді дамуда. Бұл батыс автоконцерндерін бағаларды төмендетуге мәжбүрлейді, нәтижесінде олардың пайдасы азаяды.

4. Инфрақұрылымның дамымауы

Зарядтау станциялары көбейіп жатқанына қарамастан, олар әлі де жеткілікті деңгейде емес.

Қытай, АҚШ және Норвегия сияқты дамыған елдерде электромобильдер кең тараған.  Өйткені қуаттау станциялары көп. Бірақ инфрақұрылымы әлсіз елдерде халық электромобиль сатып алуға асықпайды.

Табысқа кім жақындап келеді?

Кейбір компаниялар шығындарын азайтып, жақын арада пайда табатын деңгейге жетуі мүмкін. Олардың қатарында:

  • Zeekr
  • Xpeng
  • Leapmotor бар.

Leapmotor соңғы екі жылда шығындарын екі есеге қысқартты. Бұл оның дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді. Алайда Nio компаниясының жағдайы қиын – оның операциялық маржасы – 30% ғана. 

Қай компанияның жағдайы қиын?

Қаржылық қиындықтарға тап болған Lucid Motors компаниясының жағдайы 2024 жылы ең ауыр болды:

  • 2024 жылғы операциялық шығыны 374%
  • 2023 жылы бұл көрсеткіш 500%-дан асып кеткен

Lucid Motors қаржылық жағдайын біртіндеп жақсартып келеді, бірақ әлі де үлкен шығынға ұшырап отырғанын байқауға болады. Қазіргі уақытта компания тек Таяу Шығыстық инвесторлардың көмегімен жұмысын жалғастыруда.

Электромобиль нарығының болашағы

Электромобиль нарығы қарқынды дамып келеді және бірнеше маңызды фактор оны одан әрі дамытады. 

Бірінші, батарея бағасының арзандауы. Жаңа технологиялар батареяларды арзандатып, тиімділігін арттыруға көмектеседі. Литий-фосфатты (LFP) батареялар – арзан әрі ұзақ мерзімді болады. Оған қоса, қатты күйдегі (solid-state) батареялар – жоғары сыйымдылық пен жылдам қуаттайды. 2030 жылға дейін батареялар 30-40% арзандай түсуі мүмкін, бұл электромобильдердің бағасын төмендетеді.

Екінші, зарядтау инфрақұрылымының дамуы. Үкіметтер мен жеке компаниялар зарядтау станцияларын салуды жалғастыруда. Tesla өздерінің Supercharger станцияларын басқа брендтерге де қолжетімді етті, бұл инфрақұрылымның дамуын жеделдетеді. 

Үшінші, мемлекеттік субсидиялар және жанармаймен жүретін автокөліктерге тыйым салу. Көптеген елде электромобильдерді қолдау бағдарламаларын іске асырып жатыр. Мәселен, Еуропалық Одақ – 2035 жылға дейін бензин және дизельді көліктерді сатуға толық тыйым салуды жоспарлап отыр. Ал Қытай – электромобильдерді сатып алуға субсидиялар бөлуді жалғастыруда.

Электромобиль өндірісі әлі де күрделі әрі қымбат сала болып қала бермек. Қытайлық компаниялар нарықтағы үлесін арттырып жатқанда, Батыс автоөндірушілері жаңа технологиялар мен инновацияларға инвестиция құюда.

Қаржылық қиындықтарға қарамастан, электромобильдер болашақтың көлігі екені анық. Ендігі сұрақ – қай компаниялар бұл жарыста жеңіске жетіп, нарықта басымдыққа ие бола алады? 

Еске сала кетсек, бұған дейін қытайлық Xiaomi компаниясы Tesla-ны басып озып, нарықтағы жаңа көшбасшыға айналғанын жазған едік.