Maher Zain, Orynkhan және Дастан Оразбеков – алдағы аптада кімнің концертіне баруға болады?

Жарияланды 6 Сәуір 2025 09:36

(жаңартылды 7 Сәуір 2025 01:51)
Айшолпан Керім

Айшолпан Керім

Maher Zain, Orynkhan және Дастан Оразбеков – алдағы аптада кімнің концертіне баруға болады?
Maher Zain, Orynkhan және Дастан Оразбеков – алдағы аптада кімнің концертіне баруға болады? / Фото: коллаж kursivmedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алдағы апта қандай керемет іс-шараларға толы екенін білесіз бе? Келер жеті шетелден келіп концерт беретін қонағымыз да бар, өзіміздің танымал әншілер де гастрольдік сапарға шығып жатыр. Дәстүрлі ән тыңдаймын деген адамға да – баратын концерт табылады. Тынығып, әзіл тыңдап қайтамын дегенге де арнайы бағдарлама бар. Сізге қолайлы болсын деп, алдаға аптаға жоспарланған ең қызық іс-шаралардың бәрін бір тізімге жинап қойдық.

DASTOUR 2025 – Дастан Оразбеков

Тараз қаласы, 8 сәуір

Алғашында ORDA тобының әртісі ретінде танылған талантты әнші Дастан Оразбеков 2009 жылы жеке мансап жолын дамытуға бет бұрды. Әншінің жеке дара шыққанына халық тек қуанышты болды. Оның барлық әні дерлік хитке айналып, тыңдарман жалықпай тыңдайтын тамаша туынды болып шығады.

Бір кездері отандық әзіл-сықақ театрының әншісі болып өнерге енді қадам басқан бала Дастанның да өнерде жүргенінен 30 жылға таяп қалды. Оның қазір мыңдаған тыңдарманы бар, репертуары да сан алуан. Сахнаға шықса, әуезді үнімен баурап, икемді би-қимылымен сахнаны жандандырып жіберетін нағыз артист жеке тур ұйымдастырып, гастрольдік сапармен түгел Қазақстанды шарлап шығуды жоспарлап отыр. Алдағы аптада әнші көне Тараз жеріне жол тартпақ.

Бұл турда Дастан Оразбеков лайв-бэндтің сүйемелдеуімен өнер көрсетеді. Қонақтар «Бегім-ай», «Ант», «Көк аспан» және тағы басқа хиттерді жанды орындауда тыңдай алады.

Концерт Тараздағы Жүсіп Баласағүн атындағы концерт залында өтеді. Басталуы 19:30-да. Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.

Orynkhan

Алматы қаласы, 12 сәуір

Алдағы сенбі, 11 сәуір, кеші керемет өтеді, бұл ең жылы, ең атмосфералы кештердің бірі болып есте қалмақ. Себебі дәл осы күні Orynkhan тыңдармандарына арнап, кезекті кешін өткізбек. 

Орынхан Рахымбеков – әнші, музыкант, Moldanazar Music лейблінің артисі. Орынханның фолк стиліндегі Dárymen атты алғашқы альбомы 2020 жылдың қазан айында жарық көрді. Содан бері Орынхан өзінің керемет музыкасымен көптеген қазақстандықтың жүрегін жаулап, әлі күнге дейін баурап келеді. 

Оның ән кештері үнемі «Өзіміз отырып шай ішейік» деген атмосферада өтеді. Ол мыңдаған адам жинап әлек болмайды, бірақ концерттеріне билет үнемі тез-ақ өтіп кетеді. Оның әндерінен адамдар өзін табады, оның әндерін тыңдарман түрлі жылы естелігімен байланыстырады. Сол үшін де жанкүйерлері Орынханның концерттерін үнемі асыға күтеді. 

Сол асыға күткен күндеріңіз алдағы сенбіге түсіп тұр! Кезекті кеш Алматыдағы Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында өтеді. Басталуы сағат 18:00-де. Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.

Maher Zain

Алматы қаласы, 10 сәуір

Махер Зейн – Ливан тектес шведтік RnB жанрының әншісі. 2009 жылы өзінің «Thank You Allah» деп аталатын дебюттік альбомын шығарып, халықаралық даңққа ие болды. Кейінірек 2012 жылы Зейін «Forgive Me» деген атаумен жаңа альбом шығарып, сағынған тыңдармандарын бір қуантып қойды. Бұл альбом да оның танымалдығын арттыра түсті.

Махер Зейннің көптеген әні көбіне ағылшын тілінде орындалады, алайда әншінің репертуарында басқа тілдерде шырқалатын әндер де баршылық. Мәселен, «Insha Allah» әні ағылшын, араб, индонезийлік, малайзия, түрік және француз тілдерінде шығарылды. Мұны оның тыңдармандарының көптігімен байланыстыруға да болады. Әншінің дүниенің әр қиырында жанкүйері жетерлік. Сондықтан Зейн үнемі әлемнің түкпір-түкпірін шарлап, концерт береді. Бұған дейін ол Ұлыбритания, АҚШ, Малайзия, Индонезия, Сауд Арабиясы және Мысыр сияқты елдерде көп рет кеш шығармашылық сапармен барып қайтты. 

Ал биыл, алдағы бейсенбі, 10 сәуір күні әнші Алматыдағы бас сахнада шығармашылық кешін береді. Осы бір ерекше кештен қапы қалмаңыз. 

Концерт Республика сарайында өтеді. Басталуы сағат 20:00-де. Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.

«Алдараспан» әзіл-сықақ театры

Алматы қаласы, 12 сәуір

«Алдараспан» әзіл-сықақ театры – он жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан республикамызда кеңінен танымал ұжым. Олардың концерттерінде залда үнемі ине шаншар жер болмайды. Көрермен театрдың әр артисін жатқа біледі, тіпті сол артистердің әзілдерімен бір буын өсті десек те артық болмайды.

«Алдараспан» театрында тоғыз артист бар, олардың көбі бұрын КТА ойнаған. Бүгінде шығармашылық ұжым ел-елді аралап, гастрольдетіп, әр өңірде ел ықыласына бөленіп жүр.

Алдағы сенбі күні ұжым алматылық көрерменге арнап жаңа бағдарламамен сахнаға шықпақ. Бұл күні қонақтар сахнадан «Шаншар» мен Shymkent show театрларын да көре алады. 

Сонымен қатар қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары қонақтарға арнап ән салып береді. Әзірге әншілерден қазақ сахнасының ерке қызы атанған Мақпал Жүнісова келетіні ғана белгілі, тізімнің қалған жағы – құпия.

Қайткен күнде де бұл кештен көңіліңіз толып қайтары анық. Сондықтан көп ойланбай, Ticketon.kz сайтына кіріп билет алып үлгеріңіз. Концерт Республика сарайында өтеді. Басталуы сағат 20:00-де.

Айгүл Қосанова

Алматы қаласы, 9 сәуір

Дәстүрлі әнші, домбырашы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова алдағы аптада тыңдарманын бір жинап, шығармашылық кеш өткізбек. Әуезді үнімен домбыраның күмбірін үйлестіріп, сахнаның сәнін келтіріп жүретін, қазақы көрерменнің сүйіктісіне айналған Айгүлді «бұлбұл әнші» дейтіндер көп. 

Әншінің өзі бір сұхбатында «Айнамкөз – өнердегі де, өмірдегі де бойтұмарым» деп айтқан еді. Алдағы сәрсенбіге жоспарланған шығармашылық кеші де осы атаумен өтпек. 

Кеш қонақтары қатарында Жұбаныш Жексенұлы, Мейрамбек Беспаев, Жанболат Найзабеков, Qanay, Hassak ансамблі, «Сазген Сазы» ансамблі, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының хоры да бар.

Кеш 9 сәуір күні Республика сарайында өтеді. Басталуы сағат 19:30-да. Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.

Сондай-ақ оқыңыз