Берік Уәли су басу қаупі төнген ауылға барды

Абай облысының әкімі Берік Уәли 6 сәуірде таңертең өңірдегі Бородулиха ауданы Красный Яр ауылындағы жағдайды бақылау үшін сол жерге барды. 5 сәуірде кешке Үбі өзенінің деңгейі көтеріліп, ауылды су басу қаупі туындаған.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, төтенше жағдайлар қызметі, жергілікті атқарушы органдар, жедел құтқару жасағы мен полиция бөлімшелерінен барлығы 123 адам және 39 техника, оның ішінде 3 жүзу құралы ауылға шоғырландырылды. Қауіптің бетін қайтару жұмысы жалғасып жатыр.
30 шақты үйдің ауласына су кірген
Сенбі күні қауіпсіздік мақсатында ауылдағы өзен жағасына жақын көшенің 26 тұрғыны өз еріктерімен мектепке уақытша орналастырылды.
Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері аулаларын су басуы мүмкін тұрғындардың малдарын басқа шаруа қожалықтарына жеткізді.

Облыс әкімі Берік Уәли әуелі Үбі өзеніндегі су деңгейін тікұшақ арқылы әуеден бақылады. Содан кейін ауылға келіп, жедел штабтың жиынын өткізді.
Аудан әкімі Айдар Ибраевтың айтуынша, өзен жағасына жақын 30 шақты үйдің ауласына су кірген.
Жедел штаб құрылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков жетекшілік етеді. Үбі өзеніндегі мұз кептелісін жойып, су арнасын толық ашу үшін мұз жару жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Красный Яр – аудандағы жыл сайын су басу қаупі төнетін ауылдардың бірі. Елдімекендегі жағдайды кешеден бері жеке бақылауымда ұстап отырмын. Аудан әкімі мен тиісті құрылымдарға тұрғындарға түсініктеме жұмыстарын жүргізуді, жағдайды үнемі бақылауда ұстауды тапсырамын. Мұз жару жұмысын кешке дейін аяқтау қажет», – деді Берік Уәли.
Ауылдағы басқа аулаларға судың кіруіне жол бермес үшін тиісті жұмыстар атқарылады. Аймақ басшысы тиісті орындарға жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.