Ақмола облысында суға кеткен автокөлік иесінің денесі табылды

Ақмола облысында ағын су жол талғамайтын бір автокөлікті ағызып әкетті. Екі жолаушы құтқарылды, көлік жүргізуші қайтыс болды. Мәлімет Инстаграм әлеуметтік желісіндегі kokshetaulifekz парағында жарияланды.
Ақмола облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 5 сәуірде «Астана – Атбасар – Жақсы – Рузаевка – Сарыкөл – Қостанай – Ресей шекарасы» күре жолының 963 шақырымында болған.
Мәліметтерге қарағанда, полиция орнатқан шектеу бекетіне қарамастан, жүргізуші айналма жолмен өтіп кетуге тырысқан. Автокөлікті су басқан жерден өтпек болған уақытта ағын алып кетіп, су астында қалды.
«Автокөлікте үш адам болған. Екі жолаушы құтқарылған, ал көлік жүргізушісінің денесі түнгі сағат 02.30-да табылған», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.