Ақмола облысында су басқан аймақтан жүзден аса адам көшірілді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ақмола облысында 111 адам қауіпсіз жерге көшірілді / фото: ТЖМ

Ақмола облысы Бұланды ауданына қарасты Ивановка ауылында төрт үйді су басты. Капитановка ауылында 41 адам, ал Новобратское ауылында 70 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Бұланды ауданында су тасқыны шыңы төмендей бастады. Жағдай бақылауға алынды. Азаматтық қорғау күштері су тасқыны салдарын азайту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

Министрлік таратқан ақпарат бойынша, Иванковка ауылында 4 жеке тұрғын үйді су басты. Капитоновка ауылында өзен деңгейі көтеріліп, түнде 41 адам, оның ішінде 11 бала эвакуацияланды. Новобратское ауылында 70 адам, оның ішінде 11 бала эвакуацияланды. Олардың бәрі туыстарының үйіне жайғасты.

Сонымен қатар 757 бас мал мен 471 құс құтқарылды.

Ақмола облысында су тасқынынан құтқару жұмыстары жүріп жатыр / фото: ТЖМ

Су тасқыны салдарын жоюға жеке құрамның 300-ге жуық адамы және 156 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.

ТЖМ күштерімен жарылыс жұмыстары, инертті материалдар мен қаптар уақтылы төгілді, сонымен бірге еріген суды бұру ұйымдастырылды. Бұл бірқатар елді мекендерді су басудан сақтап қалды.

Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күшімен 1,4 миллион текше метрден аса су айдалды, 141 мың қапшық және 1,5 мың тоннаға жуық инертті материал төселді.

Сондай-ақ оқыңыз