Ақтауда Димаш ән айтқан концертке 100 мың адам жиналды

5 сәуірде Ақтау қаласында Димаш Құдайберген ән шырқаған концертке 100 мыңға жуық адам жиналды.
Бұл туралы жергілікті Lada.kz басылымы шараны ұйымдастырушы «Ақтау – түркі әлемінің астанасы» жобасына сілтеме жасай отырып хабарлады.
Димаш Каспий жағалауында өткен концертте бірнеше ән орындады.
Каспий жағалауында екі сахна тігіліп, жеті ауылдан тұратын этноқалашық бой көтерді. Мұнда асық ату, бестас секілді ұлттық ойындар ойналды.
Салтанатты кешке жергілікті тұрғындар ғана емес, шетелден туристер көп келді.
Әлемге танымал қазақстандық әнші, халық әртісі Димаш Құдайберген биыл Еуропаның үш ірі қаласында жеке концерт береді. Шоу-концерттер «Stranger» атты жеке тур аясында өтеді. Әншінің жанды дауыста орындайтын ауқымды шоуы әр елдегі тыңдармандары үшін арнайы дайындалады.