
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлын орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерін сәтті қорғауымен құттықтады.
Ақорданың мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев спортшының жоғары деңгейдегі шеберлігі мен табандылығы, туған жерімізде ел намысын абыроймен қорғауы баршамыз үшін зор мақтаныш екенін атап өтті.
Президент Жәнібектің бұдан да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектестік білдірді.
Жәнібек Әлімханұлы Астанада Battle of the Brave бокс кешінде Франция өкілі Анауэль Нгамиссенгемен жекпе-жек өткізіп, жеңіске жетті. Сөйтіп ол IBF және WBO тұжырымдамалары бойынша орта салмақтағы чемпиондық белбеулерін қорғады.
Жәнібектің бұл 17-жеңісі. Ол 12 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады.
Бұған дейін Жәнібек 2024 жылғы қазанда Жаңа Зеландия боксшысы Андрей Михайловичті (21-1, 13 KO) тоғызыншы раундта нокаутпен жеңіп, белбеуін сақтап қалған.