OPEC+ мұнай өндіру квотасын сақтауды Қазақстанға тағы ескертті

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Мұнай альянсы Қазақстанға өндіріс квотасын сақтауды ескертті / фото: REUTERS/Dado Ruvic

5 сәуірде OPEC+ Бірлескен министрлік мониторинг комитетінің (JMMC) 59-шы отырысы бейнеконференция форматында өтті. Ұйым комитеті мұнай өндірісі квотасын сақтау маңызды екенін тағы да ескертті.

Отырысқа Қазақстан атынан Энергетика министрі Ерлан Аккенженов қатысты.

Bloomberg мәліметінше, комитет ұйымның кейбір мүшесі мұнай өндірісіне бөлінген шектеу талаптарын орындамағанын атап өтті. Осы елдерге 15 сәуірге дейін артық өндірісті өтеу жоспарын өткізу тапсырылды.

Қазақстан Энергетика министрлігінің мәліметінше, комитет отырысында 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында ОПЕК+ келісімі шеңберінде қатысушы елдердің өз міндеттемелерін орындау көрсеткіштері қарастырылып, ОПЕК+ елдері бойынша жалпы орындау деңгейі атап өтілді.

Үкімет OPEC+ аясындағы міндеттерін орындауға тағы уәде беріп отыр.

«Қазақстан ОПЕК+ аясындағы келісімдерді ұстануды жалғастырып, халықаралық міндеттемелер мен ұлттық мүдделерді басшылыққа ала отырып, альянс серіктестерімен сындарлы өзара іс-қимылды жалғастырады», – деп хабарлады Қазақстан энергетика министрлігі.

Естеріңізге сала кетейік, Сауд Арабиясы мен Ресей басқаратын альянс 3 сәуірде 2025 жылғы мамырға арналған өндіріс жоспарын бірден үш есеге арттырып жіберген. Делегаттар мұндай шешімнің Қазақстан мен Ирак секілді мүшелерін тәртіпке шақыру мақсатында қабылданғанын айтқан.

Ұйым шешімінен кейін әлем нарығында мұнай бірден арзандап, 65 доллардан төмен түсіп кеткен.

Сондай-ақ оқыңыз