Аймағамбетов карта аударымдарына салық салмауды ұсыну себебін түсіндірді

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов дәрі-дәрмекке, емдеу қызметтеріне, кітаптарға және картадан картаға аударымдарға 0% қосылған құн салығын не себепті ұсынғанын түсіндірді.
Аймағамбетовтің айтуынша, Салық кодексі жобасына қатысты бір топ депутат ұсынған түзетулер туралы материал жарияланған соң, соған қатысты сұрақтар түскен. Әсіресе, неге дәрі-дәрмекке, медициналық қызметтерге, кітаптарға және банк аударымдарына ҚҚС салмау керек деген сұрақтар жиі қойылады.
Соған байланысты депутат әр ұсынысқа жеке-жеке тоқталып, себебін түсіндіріп өтті.
Дәрі-дәрмек пен емдеу қызметтері
Депутаттар ауыр, созылмалы және өмірге қауіп төндіретін аурулар бойынша дәрі-дәрмек пен емдеуге қазіргі 0% ҚҚС мөлшерлемесін сақтап қалуды ұсынған.
Мысалы: онкология, диабет, сирек кездесетін немесе аутоиммундық тағы басқа аурулар.
«Неге? Себебі салықтың өсуі — бағаның өсуі. Ал дәрі-дәрмектің бағасының өсуі — бірінші кезекте науқастар мен олардың отбасыларына ауыр салмақ түсіреді.
Бұл жай ғана салық мәселесі емес, бұл — адамгершілікке қатысты шешім.Онко-дәрілер мен сирек ауруларға арналған препараттардың бағасы қазірдің өзінде өте жоғары. Егер оларға ҚҚС енгізілсе — бұл бағаның бірден 16%-ға өсуі дегенді білдіреді», – дейді Аймағамбетов.
Отандық кітаптар мен анимация
Депутаттың пікірінше, кітапқа ҚҚС салу — отандық авторлар үшін шығарылым құнын арттырады. Ал бұл — оқырман үшін кітаптың бағасының көтерілуіне әкеледі.
«Қазақ авторлары назардан тыс қалды деп айтып жүрміз — дегенмен, соның өзінде кітапқа салық салып отырмыз. ҚҚС-тан босату — мәдениетке, білімге, ұлттық ойға көрсетілген құрмет.
Біз өз авторларымызды, аудармашыларымызды, суретшілерімізді қолдауымыз керек.
Сол сияқты анимация да — енді дамып келе жатқан сала. Қазақ тіліндегі сапалы мультфильмдер өте аз. Бұл саланы салықпен емес, нақты қолдаумен көтеруіміз қажет».
Қаржы қызметтері
Депутаттың айтуынша, көптеген елде банк қызметтеріне ҚҚС салынбайды — бұл жайдан-жай емес. Қазақстанда да қазір осы қызметтер қосылған құн салығынан босатылған.
«Егер банк аударымдары мен карта арқылы төлемдерге ҚҚС енгізілсе — халық күнделікті қолданып жүрген қарапайым қызметтер қымбаттап кетуі мүмкін», – деп түсіндірді депутат.
Мысалы, сіз Халық банктегі картаңыздан Kaspi-ге ақша аудардыңыз — 200 теңге комиссия төледіңіз. Егер оған ҚҚС қосылса, тағы 32 теңгеге дейін қосылуы әбден мүмкін.
«Бұл, әсіресе, жиі аударым жасайтындар үшін ауыр. Зардап шегетіндер — қарапайым халық: студенттер, ата-аналар мен шағын кәсіп иелері».
Оның пікірінше, дәрі-дәрмекке салынатын салық пен ойынханадағы ұтысқа салынатын салық бірдей болмауы тиіс.
Сондықтан депутаттар мынадай ұсын тастады:
– букмекерлік кеңселер мен ойынханаларға салықты көтеру,
– трансмай қосылған өнімдерге акциз енгізу,
– банктерге салынатын корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін арттыру.
Аймағамбетовтің айтуынша, Салық кодексі жобасына қатысты талқылау әлі жалғасып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, парламент депутаттары өткен аптада жаңа салық кодексінің жобасы бойынша бірқатар түзету ұсынған.