Алматы әуежайы қызметкерін кепілге алған ер адамға қандай айып тағылған

Алматы әуежайында қызды кепілге алған Машрапбек Баратовқа қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған. Іс Түрксіб ауданы сотында қаралып жатыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Баратов қылмыстық кодекстің 261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы (қаруды немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданып адамды кепілге алу), қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (пышақ қолданып жасалған бұзақылық), қылмыстық кодекстің 273-бабы (терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша айыпталған.
Оқиға 2025 жылдың 7 наурызында болған. Алматы әкежайының баспасөз қызметінің хабарлауынша, сағат 11:45 шамасында өзін жолаушы ретінде таныстырған ер адам ішкі терминалдағы (Т1) рейс алдындағы тексеру аймағына келген. Авиациялық қауіпсіздік қызметінің скрининг қызметкерлері ер адамнан құжаттарын көрсетуді сұраған. Оған жауап ретінде ер азамат скрининг офицерін шашынан ұстап, пышақпен қорқыта бастаған.
Содан кейін әуежайға туыстарын шығарып салуға барған Мұса Әбдірайым есімді азамат ер адамның қаруын тартып алған. Ол бастапқыда әуежай қызметкерінің орнына өзін кепілге алуды ұсынған. Бұл жағдайға бірден президент те назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әуежайында болған оқиғада ерлік танытқан адамды наградаға ұсынуды тапсырды. Сол күні Мұса Әбдірайымов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.