
Өзбекстан 97-ші «Оскар» марапаттау рәсімінде бірден бес жүлдені алған «Анора» фильмін ел аумағында көрсетуге тыйым салды. Елдің кинематография агенттігі фильмдегі басты кейіпкердің ұлты өзбек деп көрсетілгені елде жүргізіліп жатқан реформаларға қайшы келеді деп мәлімдеген. Қазақстанның мәдениет министрлігі де бұл фильмнің елдегі кинотеатрлардан көрсетілмейтінін мәлімдеді, себебі оған өтініш түспеген деп хабарлайды KursivMedia.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, қандай да бір фильмді прокатқа шығару үшін туындыны Мемлекеттік фильмдер тізіліміне тіркеу керек. Содан кейін фильмге прокаттау куәлігі беріледі. Әрі қарай фильмді көрсетуге рұқсат етіледі.
«Қазірге дейін министрлікке «Анора» фильміне прокат куәлігін алуға өтінім түскен жоқ», – деп жауап берді ведомство редакция сауалына.
Сондай-ақ фильмді ел аумағында қандай да сайт арқылы көрсету-көрсетпеу туралы шешім өтініш түскеннен кейін қабылданады.
Министрліктен Қазақстанның ересектерге арналған фильмдерді көрсетуге қатысты ұстанымы қандай екенін де нақтыладық. Бұл жағдай «Кинематография туралы» және «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» заңға сәйкес реттеледі. Сол арқылы фильмді көруге рұқсат берілетін жас ерекшеліктері айқындалады.
Сондай-ақ елімізде көрсетуге тыйым салынған фильмдер жоқ болып шықты. Министрлік мұны Конституцияның 20-бабының 1-тармағына сүйеніп түсіндірді. Бұл бапта сәйкес сөз және шығармашылық бостандығына кепілдік берілетіні, цензураға тыйым салынатыны көрсетілген.
«Осы уақытқа дейін Қазақстанда фильмдерге тыйым салу жағдайлары байқалған жоқ», – деп жауап берді Мәдениет және ақпарат министрлігі.
«Анора» фильмі не туралы?
«Анора» – америкалық режиссер және сценарист Шон Бейкердің 2024 жылғы комедиялық-драмалық фильмі. Фильм сюжетіне сәйкес, ұлты өзбек 23 жастағы Анора (Майки Мэдисон) стриптизші болып жұмыс істейді. Ол ресейлік олигархтың ұлы Иван Захаровқа тұрмысқа шығады.
Лос-Анджелесте өткен 97-ші «Оскар» марапаттау рәсімінде фильм 5 номинация бойынша жеңімпаз атанды. Олар:
Үздік фильм: «Анора»
Үздік режиссер: Шон Бейкер («Анора»)
Үздік актриса: Майки Мэдисон («Анора» фильміндегі рөлі үшін)
Үздік түпнұсқа сценарий: «Анора»
Үздік монтаж: «Анора».