Маңғыстауда жел электр станциясы салынады

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Маңғыстау облысының Қарақия ауданында қуаты 50 МВт жел электр станциясын салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру үшін «Sarkylmas Kuat» ЖШС-мен кредиттік желі ашу туралы келісім жасасты.
Мәлімет Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланды.
Жоба China Export & Credit Insurance Corporation (Sinosure) сақтандыру өтемімен қаржыландырылады. ҚДБ үшін бұл – аталған халықаралық экспорттық компанияның бірінші жобасы.
ЖЭС құрылысы «таза» энергия өндіруді ұлғайтуды, Маңғыстау облысында электр энергиясының тапшылығын қысқартуды көздейді. Жоба электр энергиясы мен импорттың дәстүрлі көздеріне тәуелділікті төмендетуге көмектеседі.
Жел электр станциясы 2025 жылы іске қосылады. Ол бір жылда 182,9 млн кВт/с таза энергия өндіреді. Соның нәтижесінде ауаға таралатын көмірқышқыл газы (CO₂) бір жылда 43 872 тоннаға қысқарады. Бұған қоса 12 тұрақты жұмыс орны ашылады.