Avalon, Maxima, Passat. Келмеске кеткен седандар

Кейінгі жылдары бәсекенің жоғарылығына, тұтынушылар кроссоверлер мен электомобильдерді құп көре бастағанына байланысты көптеген седан конвейерден алынып, келмеске кетті. Тіпті кей брендтер бензинмен жүретін седан шығаруды мүлдем тоқтатты. Kursiv.Media кезінде жүргізушінің сүйікті көлігі, талай жүргізушінің арманы болған седандарды еске алады.
Toyota
Avalon. Кейінгі жылдары негізінен АҚШ нарығында сатылып келген алып седан 2022 жылы өндірістен алынды. Себеп үлкен – Full-size седандарға сұраныстың төмендеуі. Toyota SUV (кроссовер) және гибрид моделдерін шығаруға бет бұрды.
Crown 2018 жылы өндірісін тоқтатқан. Ол ірі әрі люкс седан ретінде өзіне назар аудартатын.
Nissan
Teana. D класстағы модель өндірісін 2020 жылы тоқтатты. Camry-мен бәсекелес ретінде шығарылған Teana бағаланбаған көліктер санатына жатқызылады. Оның сәтсіздігін кей сарапшылар қорабына классикалық автомат емес, вариатор қойылғанымен байланыстырады.
Maxima. Аңыз модельдің соңғы көлігі конвейерден 2024 жылы шықты. Maxima кейінгі жылдары нарықтағы орнын айтарлықтай әлсіретіп, тек Америкада сатылып келген. Енді ол жақта да сатылмайды. Nissan «Maxima» атауын болашақ электромобильге дайындап отыр деген сыбыс бар.
Mitsubishi
Аталған жапондық бренд седан нарығынан қатарластарына қарағанда ертерек кетті. Бұл оның нарықтағы позициясының әлсіреуімен тікелей байланысты. Атақты Lancer моделі 2017 жылы, Galant 2015 жылы келместің кемесіне мініп кеткен.
Седан нарығынан баз кешіп кете барған жапондық танымал модельдер арасында Subaru Legacy, Mazda 6, Honda Civic, Infiniti Q50 де бар.
Америкалық седандардың ақыры
Электрлі көліктерге басымдық беру мен седандарға деген сұраныстың төмендігінен General Motors компаниясы Chevrolet брендінің Malibu мен Cruze модельдерін шығаруды тоқтатты. Ал Ford Mondeo-ны конвейерден алып тастады. Алайда кейде модель дамушы елдерде қайта тіріліп, сатылып жатады. Соның бір көрінісі Қазақстанда байқалып отыр. Бүгінде елде Malibu құрастырылып, сатылып жатыр. Брендтің хиты Cobalt та 2000 жылдардың алғашқы онжылдығында Америкада өмір сүруін тоқтатқан.
Неміс седандары
Volkswagen Passat. Көп жылдар бойы өндірілген бұл модель 2022 жылы тоқтатылды. Volkswagen компаниясы электрлі көліктерге назар аударуды жоспарлап отыр.
Mercedes-Benz A-Class. Бұл кішігірім люкс седан 2023 жылы АҚШ нарығында өндірістен шығарылды. Mercedes-AMG 2023 жылы A45 моделінің өндірісін аяқтады. Бұл модель жоғары өнімділігімен және спорттық сипаттамаларымен танымал болған.
Audi 2023 жылы өнімділігімен және дизайнымен танымал R8 және ТТ суперкар модельдерінің өндірісін аяқтады. Себеп: спорткарларға сұраныстың төмендеуі, EV-ге көшу. Ал 2024 жылы S4 седанын конвейерден алып тастады.
Skoda 2021 жылы Rapid моделінің соңғы көлігін шығарды. Ал Volvo S60 2024 жылы Еуропа мен АҚШ-та электромобильдерге көшу мен сұраныс азаюына байланысты модельді конвейерден алды.
Седандардың орнын кейінгі жылдары кроссоверлер мен электромобильдер, оның ішінде қытай көліктері басуда.