Қостанайлық әйел әйгілі актер Киану Ривс деп ойлап алаяққа ақша жібермек болған

Қостанайда тұрғын ерекше алаяқтық фактісіне тап бола жаздады. Ол TikTok желісі арқылы Голливуд актері Киану Ривзпен сөйлесіп жүрмін деп ойлап, алаятардың құрбанына айналуға аз қалған.
Мән-жайы
Қостанайлық 62 жастағы әйел алты ай бойы өзін Голливудтың әйгілі актері Киану Ривз деп таныстырған TikTok желісінің қолданушысымен хат алмасқан. Әйелдің айтуынша, ол қиын жағдайға тап болғанын жеткізіп, 400 доллар аударуды өтінген. Әйел адам оған келіскен, алайда ақшаны шотқа қалай аудару керектігін білмегендіктен, банкке жүгінген. Банк қызметкерлері күдікті жағдайды байқап, ақша аударғысы келген шот белгісіз ойын компаниясына тиесілі екенін анықтаған. Артынша болған жайтты полицияға хабарлаған.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері әйелді ақша аудармауға көндірген. Сөйтсе бұл алаяқтарға ақша аударудың екінші әрекеті екені анықталған. Қостанайлық әйел адлаяқтарға алғаш сәуір айының басында ақша жібермек болған.
Полиция үндеуі
Полиция алаяқтардың мұндай тұзағына түспеу үшін бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады.
«Атақты тұлға, досыңыз немесе туысыңыз сізге хат жазса да, әрқашан қырағы болыңыз. Алаяқтар сіздің сеніміңізді арттыру үшін танымал адамдардың фотосуреттері мен аттарын пайдалана алады» дейді ол.
Полиция сондай-ақ азаматтарды бейтаныс адамдарға ақша жібермеуге, кез келген ақпаратты тексеруге, «шұғыл» ұсыныстардан сақ болуға үндейді.
«Көбінесе алаяқтар дереу көмектесу керек деп шұғыл тактиканы қолданады. Олар қиындыққа тап болдым немесе емделуге ақша керек деп айтуы мүмкін. Мұндай өтініштерге жауап беруге асықпаңыз» дейді полициядағылар.
Сонымен қатар азаматтарға бейтаныс адамдар жіберген күдікті сілтемелер мен қосымшаларға қырағы болуды ұсынады.
Кейінгі кезде ҰҚК, банк қызметкері атын жамылған кибералаяқтық түрлері жиілеген.