Қазақстанда экологиялық таза авиаотын шығаратын зауыт салынбақ

Қазақстанда экологиялық таза авиаотын – SAF (Sustainable Aviation Fuel) өндіретін зауыт салынбақ. Қазіргі кезде оның техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеу қолға алынған. Құжат 2025 жыл соңына дейін дайын болуы тиіс.
«Құжатқа «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС (ҚМГ еншілес кәсіпорны), америкалық LanzaJet, Inc. және Қазақстанның жетекші агроөнеркәсіп холдингі «KazFoodProducts» ЖШС (KFP) өкілдері қол қойды», – делінген хабарламада.
ТЭН әзірлеу барысында тараптар жобаны жан-жақты саралап, зауытты орналастыруға ең қолайлы өңірді таңдау, өндіріс көлемін анықтау және инвестициялық шешім қабылдауға қажетті басқа да мәселелерді қарастырады. SAF отыны көмірқышқыл газы шығарындыларын азайту мақсатында Jet A-1 авиакеросиніне қоспа ретінде қолданылады.
«Жасыл» авиаотын өндіру жайы
Қазақстан экологиялық таза авиаотын шығаруға мүдделі. Өйткені 2028 жылдан Қазақстаннан Еуропаға қатынайтын әуе компанияларына экологиялық таза авиаотын пайдалану міндеттеледі. 2024 жыл басында «ҚазМұнайГаз» сынақтан өткізіп жатқанын хабарлаған.
Жалпы ҚМГ-нің Павлодар, Атырау және Шымкенттегі үш мұнай өңдеу зауыты 2018 жылдан бері Jet A-1 өндірісіне дайын. Қазіргі ТС-1 авиаотын стандартынан халықаралық Jet A-1 стандартына кезең-кезеңімен көшу үшін әуежайлардағы отын құю инфрақұрылымы жаңартылмақ.
Себебі Jet A-1-ді енгізудегі негізгі қиындық – әуежайларда оны сақтау үшін бөлек резервуар қажет, бұл әуежай иелерінен қосымша қаржы шығынын талап етеді.
Президент тапсырмасы
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та үкіметке елді халықаралық авиациялық хабқа айналдыруды және транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде тапсырма берген. Соған сәйкес, 2025 жылдың наурыз айында ҚМГ басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен LanzaJet компаниясының бас директоры Джимми Самарцис Қазақстанда SAF өндіру саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Бұл жоба Қазақстанның Париж келісімі аясында көміртектік бейтараптыққа қол жеткізуіне және жетекші халықаралық әуе тасымалдаушылар мен жүк әуе компанияларын тартуға ықпал етуі мүмкін.