АҚШ баж салығын кейінге қалдыруға ниетті емес

АҚШ Сауда министрі Говард Латник CBS телеарнасына берген сұхбатында, Америка Құрама Штаттары басқа елдермен келіссөз жүргізу үшін жаңа сауда салығын кейінге қалдыруды жоспарлап отырмағанын мәлімдеді. Министрдің айтуынша, Президент Дональд Трамптың мақсаты — «жаһандық сауданы қайта жүктеу». Бұл саясат АҚШ-та өндірісті қолдауға және жергілікті компанияларды қорғауға бағытталған.
«Салықты кейінге қалдыру жоспарда жоқ», — деді Латник.
2025 жылғы 2 сәуірде Дональд Трамп АҚШ-тың шетелдік сауда серіктестеріне қатысты жаңа тариф енгізілетінін жариялады. Бастапқы баж мөлшері 10% деңгейінде белгіленіп, ол 5 сәуірден бастап күшіне енді. Ақ үй жариялаған кестеде Қазақстан үшін белгіленген тариф мөлшері 27%-ды құрады. Бұл – Орталық Азия елдерінің ішіндегі ең жоғары көрсеткіш.
9 сәуірден кеден баж салығының мөлшерлемесі жоғарылауы мүмкін. АҚШ Ұлттық экономикалық кеңестің директоры Кевин Хассеттің айтуынша, бұл қадам 50-ден астам елдің АҚШ-пен келіссөз жүргізуге мүдделі екенін байқатқан.
Қазақстанға әсері қандай
Бұл ретте Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарлардың басым бөлігі қосымша тарифтер санатына енбейді деп мәлімдеді. Өйткені олардың дені салықтан босатылған тауарлар тізіміне кіреді. Қосымша салық тек фосфор, феросилиций, линзалар, бидай глютені, аммоний нитраты секілді тауарларға салынады.
Алайда экономист Сапарбай Жобаевтың пікірінше, Трамптың салық саясаты Қазақстан экономикасына тікелей болмаса да, жанама түрде әсер етеді.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда айналымы жыл өткен сайын өсіп келеді. 2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 4,1 млрд долларды құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 4,2 млрд долларға жеткен. Соның ішінде Қазақстаннан АҚШ-қа 2 млрд доллардың тауары жеткізілген.
Қазақстан АҚШ-қа көбінесе уран, металдар мен азық-түлік өнімдерін экспорттайды, ал АҚШ-тан технологиялық жабдықтар мен медициналық құрал-жабдықтар импортталады.