Доллар тағы қымбаттай ма: сарапшылар пікірі қандай

7 сәуір күні ұлттық валюта күрт құнсызданып, Қазақстан қор биржасындағы кешкі саудада теңге/доллар жұбындағы орташа бағам 519,12 теңгені құрады. Бір күнгі саудада доллардың бірден 13,64 теңгеге қымбаттауына басты себеп – мұнай бағасының күрт арзандауы.
Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев Қазақстанның негізгі экспорттық шикізаты – мұнай арзандай берсе, теңге одан әрі құнсыздана береді деп тұжырымдайды. Қаржыгердің болжамынша, мұнайдың баррелі 50 долларға дейін арзандаса, АҚШ валютасының бағамы 580 теңгеге дейін жетуі ықтимал.
Сауда салығы мен геосаяси шиеленіс
Ал қара алтынның арзандауына мұнай өндірісі көлемінің артуы ықпал еткен. Сонымен қатар, АҚШ экс-президенті Дональд Трамптың сауда салығына қатысты бастамалары да осы жағдаймен тұспа-тұс келіп отыр.
«Мұнай бағасының төмендеуі – өндіріс көлемінің өсуінен туындайтын табиғи құбылыс. Алайда сауда соғысы мен геосаяси шиеленістер бұл жағдайды одан әрі ушықтырып жатыр. Егер осы бағыт жалғаса берсе, нарықтағы жағдай одан әрі нашарлап , ал бұл өз кезегінде мұнай мен теңге бағамына кері әсер етеді», – дейді сарапшы.
Бұл ретте сарапшы Трамп АҚШ президенттігіне келер алдына мұнай бағасын барреліне 40 долларға дейін төмендетуге уәде бергенін еске салып өтті. Қазірдің өзінде Brent маркалы мұнай баррелі 63 доллардан саудаланып жатыр.
Егер мұнай бағасы 60 доллардан төмен түссе, сарапшы доллар бағамы 530-ға дейін жетуі мүмкін деп болжайды. Ал мұнай 55 не 50 доллардан да арзандаса, онда теңге бағамын 550–580 аралығына дейін әлсіреуі мүмкін.
Ал BCC Invest сарапщылары нарық мұнайдың арзандауына тым үлкен реакция танытып жатыр жеп пайымдайды. Қазір доллар қатты қымбаттағанымен, мамыр айында теңге бағамы нағайып, қалпына келеді деген пікірде. Олар доллар бағамы 2025 жыл соңына қарай 525 теңгенің құрайды деген болжам жасайды.
Мұнай бағасы 40 доллардан да арзандаса, нақты болжам жасау қиын
«Ал егер мұнай бағасы 40 доллар шамасына дейін төмендесе, бұл Қазақстан экономикасы үшін өте ауыр соққы болмақ. Мұндай жағдайда теңгенің қаншалықты құнсызданатынын болжау қиын», – дейді Бейсембаев.
Мұнайдың арзандауы теңге бағамына айтарлықтай қысым көрсетіп отыр. Сарапшының айтуынша, бұл – нарықтық заңдылық. Өйткені Қазақстан – мұнайға тәуелді ел.
«Экспорттың негізгі бөлігінің бағасы төмендеген сайын, ұлттық валютаның әлсіреуі – заңды құбылыс», – дейді ол.
Ұлттық банк интервенция жасай ма
Арман Бейсембаев қазіргі жағдайда Ұлтты банк нарыққа араласып, елеулі интервенция жасамайды деген пікірде. Өйткені бүгінде теңге бағамын ұстап тұруға тырысу – тиімсіз. Қазақстанның алтын-валюта резервіндегі доллар бекерге жанып кетеді.
«Бұндай шара 2015 жылы қолданылып, оның салдары 2016–2017 жылдардағы үлкен қаржы дағдарысына әкеп соққан. Мысалы, 2017–2018 жылдары бірқатар банктерді, соның ішінде қазіргі Jusan bank-ке айналған болған ЦЕСНА банкін құтқаруға миллиардтаған қаржы жұмсалды», – дейді сарапшы.
Оған қоса Қазақстан бюджетіндегі қаржы тапшылығына байланысты, мықты теңге бағамын сақтау мүмкін емес. Тіпті, сарапшының пікірінше, қазіргі жағдайда әлсіз теңге үкіметке тиімді болуы мүмкін. Себебі Ұлттық қордан сатылатын доллар көбірек теңгеге айналады.
«Мысалы, сәуір айында Ұлттық банк қордан 1 миллиард доллардан аса қаржы сататын мәлімдеді. Сол ақшаны 480 теңгемен емес, 530 теңгемен айырбастаса, айырмасы миллиардтаған теңгені құрауы мүмкін», – дейді Арман Бейсембаев.
Бұл ретте сарапшы Ұлттық банктің басты мақсаты – бағамның күрт құбылуын болдырмау, яғни валюта бағамының ауытқуын жұмсарту екеніне назар аударды.
«Курстың толығымен тұрақты болуы міндет емес, бастысы – оның қозғалысы бірқалыпты болуы керек. Мәселен, бір аптаның ішінде доллар бағамының 508-ден 524-ке өсуі – шамамен 3%-ды құрайды, Бұл – теңге үшін шекті ауытқу деңгейіне жақын көрсеткіш. Одан асып кетсе ғана Ұлттық банк нарыққа араласып, сәл бәсеңдету шарасын қолға алуы мүмкін»,- деп түйіндейді сарапшы.