Зейнетақы активтері екі айда 370 млрд теңге инвестициялық шығынға ұшыраған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Б
Зейнетақы активтерінің табыстылығы қандай/Фото: БЖЗҚ, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында зейнетақы қорында жиналған қаржының инвестициялық табысы теріс мәнде қалыптасты. Осы кезеңде Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы 22,3 трлн теңге зейнетақы активі 370 млрд теңге инвестшығын алған. Оған шетелдік валюта бағамының құбылуы мен инвестиция салынған қаржы құралдары құнының құбылуы себеп.

«Инвестициялық қызметтің нәтижесінде, сондай-ақ шетелдік валюталар бағамының
құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан 2025 жылдың басынан бастап есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 370,56 млрд теңгені құрады. 2025 жылдың басынан бастап салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 1,64% құрады», – делінген ҰБ есебінде.

Бұл – қысқа мерзімдегі көрсеткіш

Алайда Ұлттық банк зейнетақы активтерінің жекелеген қысқа мерзімді кезеңдегі кірістілігі – тиімді-тиімсіз басқарудың көрсеткіші емес деп санайды. Өйткені қаржы құралдарының сыйақысы осы кезеңде бағалы қағаздар мен валюта бағамы құнының ауытқуын үнемі жаба бермейді.

«Сондықтан инвестициялық кірістің мөлшерін объективті талдауды кем дегенде бір жыл ішінде жасаған жөн. Кірістіліктің қысқа мерзімді ауытқуына қарамастан 2024 жылдың наурызынан бастап 2025 жылдың ақпанына дейінгі соңғы 12 ай ішінде есептелген инвестициялық кіріс мөлшері шамамен 2,7 трлн теңгені құрады. Аталған кезең үшін кірістілік инфляция 9,4% болғанда 13,74%-ға тең», – деп тұжырымдайды Ұлттық банк.

2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша, қазақстандықтардың жалпы зейнетақы жинағы 22,4 трлн теңгені құрады. Қордан зейнетақы төлемдері 260 млрд теңгеден асып, сақтандыру ұйымдарына аударылған сома 45 млрд теңгеге жетті. Жалпы жеке зейнетақы шоттары 11 148 439 болды.

Қазақстандықтардың ең көп зейнетақы жинағы 31-40 жас аралығындағы азаматтарға тиесілі. Бұл топ өкілдерінің шотында орта есеппен 6,3 трлн теңге (3,02 млн шот) жинақталған. 41-50 жас аралығындағы азаматтардың шотында 6,2 трлн теңге, ал 51-60 жас топтарында 5,4 трлн теңге бар.

Сондай-ақ оқыңыз