Сауда салығы мен мұнайдың арзандауы себеп: теңге бағамы күрт құлдырады

Теңге бағамы доллар мен еуроға қатысты тағы құнсызданды. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттықта доллар бағамы 518,5 теңгеге жеткен. Өткен жұмада доллар 510 теңгеден сатылғанын ескерсек, теңге бір күнде шамамен 2%-ға арзандады.
Теңге бағамы сонымен қатар еуроға қатысты да 8 пайыздай әлсіреді. 7 сәуір күні саудада еуро 571 теңгеден сатылды.
Ал Kurs.kz мәліметіне сәйкес, Алматыдағы ақша айырбастау орындарында долларды 514,18 теңгеге сатып алып, 518-520 теңгеге сатып жатыр. Еуроны айырбастау пункттерінде 562,26 теңгеге өткізуге болса, сатып алу бағасы 571 теңгеден асады.
Теңгеге қандай факторлар қысым көрсетіп отыр?
Басты себептердің бірі – АҚШ президенті Дональд Трамптың 184 ел мен ЕуроОдаққа қатысты жаңа импорттық тариф енгізу туралы шешімі. Бұл тізімге Қазақстан да енген, енді АҚШ нарығына экспортталатын тауарларға 27% мөлшерінде баж салығы салынбақ. Бұл – Орталық Азия елдерінің ішіндегі ең жоғары көрсеткіш.
Алайда Сауда министрлігінің мәліметінше, Қазақстаннан АҚШ-қа жөнелтілетін экспорттың 92%-ын шикі мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа және басқа да шикізат түрлері құрайды. Бұл өнімдер Трамптың жарлығындағы арнайы жеңілдіктер тізіміне енген.
Мұнай арзандаса, теңге де құлдырайды
Сарапшылар теңгенің әлсіреуіне мұнай бағасының төмендеуі де әсер етіп жатқанын айтады. Brent маркалы маусымдық мұнай фьючерстерінің құны барреліне 63,06 долларға дейін арзандады. Бұл – 2021 жылдың сәуірінен бергі ең төменгі көрсеткіш.
Енді JPMorgan инвестициялық банкі ғаламдық рецессия жыл аяғында 60% болады деп болжап отыр. Бұған дейін ол мұндай теріс көрсеткішті 40% деп болжаған еді.