Қытайлық сейсмологтар Азия елдерінде қуатты жер сілкінісі болуы мүмкін екенін ескертеді

Қытайлық сейсмологтар жүргізген зерттеу нәтижесінде Қытай мен көршілес аймақтарда магнитудасы 8-ге дейін жететін ірі жер сілкіністерінің қаупі артып отырғаны белгілі болды. Бұл туралы South China Morning Post басылымы хабарлайды.
Мамандар соңғы уақытта аймақтағы жер қыртысының белсенділігі күрт артқанын атап өтті.
«Мьянмада болған қайғылы жағдай – бұл аймақтағы сейсмикалық белсенділіктің соңғы көрінісі емес. Біздің зерттеулеріміз Қытай мен көрші аймақтарда өте қуатты жер сілкіністері қаупі бар екенін көрсетіп отыр», – дейді сейсмологтар.
Қытайлық сейсмологтардың айтуынша, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сейсмикалық аймақтарда, әсіресе Қытайдың оңтүстік-батысы, Тибет, Үндістан мен Пәкістан аумақтарында жоғары магнитудалы жер сілкіністерінің болу ықтималдығы жоғары.
Қазақстанға әсері бар ма?
Қазақстандық сейсмологтар еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлері тарихи тұрғыдан сейсмикалық белсенді аймақтарға жататынын еске салып, халықты әрқашан сақтыққа шақырады.
Тұрғындарға арналған кеңес:
- Алғашқы көмек қобдишасын дайындап қою;
- Маңызды құжаттарды бір жерде сақтау;
- Жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шараларымен таныс болу.
Еске сала кетейік, 28 наурыз күні Мьянмада 7,9 магнитудалы жойқын жер сілкінісі тіркелген еді.