Екібастұздағы Төтенше жағдайлар басқармасының басшылары пара үшін сотталды

Екібастұздағы Төтенше жағдайлар басқармасының лауазымды тұлғалары жемқорлық жасағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.
«Ағымдағы жылдың 31 наурызында Павлодар облысында Екібастұз қалалық соты Екібастұз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Д.Куконевке, оның орынбасары Ж.Маймановқа және кәсіпкер Б.Жұмашевке қатысты үкім шығарды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Агенттіктің мәліметінше, Куконев пен Майманов өз қызметін пайдаланып, Жұмашевпен мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет көрсетуге қатысты шарт жасасып, сол үшін жалпы сомасы 7,4 млн теңге көлемінде пара алған.
Сот үкімімен Куконев 7 жыл 6 айға, Майманов пен Жұмашев 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Куконев «азаматтық қорғаныс полковнигі» деген атағынан, Майманов «азаматтық қорғаныс майоры» атағынан айырылған.
Сондай-ақ екеуіне де өмір бойына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет етуге тыйым салынған.
Еске сала кетсек, өткен жылдың қараша айында Төтенше жағдайлар министрлігінің бірнеше лауазымды басшылары дәл осындай схемамен пара алғаны үшін сотталған болатын. Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Н.Дербисов пен Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы М.Жақсыбаев кәсіпкерлерге қамқорлық көрсеткені үшін бес жылға, Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Б.Ізбасаров 9 жылға сотталған.