Алаяқтық жолмен халықтың 230 млн теңгесін ұрлаған күдікті Қырғызстаннан экстрадицияланды

Бас прокуратура алаяқтық жолмен халықтың 230 млн теңгесін ұрлаған күдіктіні Қырғызстаннан экстрадициялады. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қазақстан азаматшасын аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қырғыз Республикасынан экстрадициялады», – делінген баспасөз хабарламасында.
Прокуратураның мәліметінше, күдікті әйел 2023 жылдың маусымында адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, алаяқтық жолмен азаматтардың банктік шоттарынан ақша жымқырған. Ол әйел бірінші кезекте банктік шоттарға тіркелген телефон нөмірін өзгерту туралы хабарлама жіберіп, сол жолмен азаматтардың банктік шоттарына қол жеткізген. Шоттағы қаражатты дроперлерге аударып отырған.
Алаяқ негізінен шотында қомақты қаражаты бар азаматтардың шотына қол жеткізіп, бас-аяғы 230 млн теңге ұрлаған.
Осы жылдың қаңтарында күдікті Бішкек әужайында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған. Мұндай қылмыс үшін оған 5 жылдан 10 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.