Алматыда жылыту маусымы 10 сәуірде аяқталады – әкімдік

Алматы қаласында жылыту маусымы 10 сәуірде аяқталады. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматы жылыту маусымын аяқтауға дайындалып жатыр. Қалада әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге жылу беруді кезең-кезеңімен өшіру 10 сәуірден басталады», – делінген баспасөз хабарламасында.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы әкімі Ерболат Досаев жылыту маусымын аяқтау және 2025-2026 жылдардағы келесі жылыту маусымына дайындық мәселесі бойынша жұмыс кеңесін өткізген. Жиында шаһарда жылыту маусымы апатсыз өткені айтылған.
Қаланың әлеуметтік нысандары мен тұрғын үйлері қазіргі таңда штаттық режимде жылытылып жатыр. Барлығы 404 білім беру, 128 денсаулық сақтау және 8 863 тұрғын үй орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген. Олардың барлығы 10 сәуір күні жылудан ажыратылмақ.
Бұл шешімге Алматыда сыртқы ауа температурасының орташа тәуліктік температурасы +8⁰ және одан жоғары болғаны және бес күн бойы жылы температураның сақталуы себеп болған.
Әкімдік мәліметінше жылу беру 10 сәуірден бастап кезең-кезеңімен өшіріле бастайды. Бірінші кезекте әкімшілік ғимараттар, білім беру мекемелері, мәдениет нысандары жылудан ажыратылады. Кейін тұрғын үйлер мен жатақханалар, қонақ үйлер мен балабақша, емдеу мекемелері, мектептер, кәсіби мектептер, медициналық-әлеуметтік мекемелерді жылыту тоқтайды.
Ал Шымкент әкімдігі жылыту маусымының бүгін, 7 сәуірде аяқталғанын хабарлады.