Жүк көліктері шекарадан Қытайға өте алмай қалған – Мемлекеттік кірістер комитеті себебін түсіндірді

Қазақстанның жүк көліктері шекарадан Қытайға өте алмай қалған. Салдарынан шекара маңында жүк көліктерінің кептелісі пайда болған. Көліктердің Қытайға неге өте алмай тұрғанын Мемлекеттік кірістер комитеті түсіндірді.
Комитеті Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу пункттеріндегі кептеліске себеп болған бірнеше факторларды атады. Олар мынадай:
- Жүк көліктерінің СЭО жүйесіне брондау күніне дейін алдын ала келуі;
- Қытай тарапынан өткізу процесінің баяулауы.
Қытай тарапынан өткізу процесстерінің баяулауын комитет ішкі рәсімдермен және шекарада жұмыс істеу ерекшеліктерімен байланыстырады.
Қытай тарапынан өткізу жұмыстанының баяулауына жол жамылғысын қайта құру және инфрақұрылымды модернизациялау, оның ішінде тексеру және бақылау кешендерін жаңарту жұмыстары да өз әсерін тигізген.
Сонымен бірге өткізу пункттерінің әр кезеңдердегі маусымға байланысты жүктемесі артады. Әсіресе, мерекелік кезеңдерде көлік ағыны арта түседі.
«Мемлекеттік кірістер комитеті Қытай тарапымен белсенді жұмыс жүргізуде, оның ішінде өткізу қабілетін арттыру және екі ел арасындағы өзара әрекеттестікті жақсартуға бағытталған тұрақты келіссөздер жүргізілуде», – делінген баспасөз хабарламасында.
Өткізу пункттеріндегі жүктеменің артуына байланысты Комитет тасымалдаушылар мен сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына электрондық кезек жүйесінде көрсетілген келу күнін қатаң сақтауды ескертіп, өткізу пункттері инфрақұрылымына артық жүктеме түсірмеуге шақырады.