Өңірлерде өзендердің суы қауіпті деңгейге көтерілді – ТЖМ ескерту жасады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Өңірдерде өзендердің су деңгейі көтеріліп жатыр / Фото: shutterstock / lano lan; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Өңірлерде бірқатар өзендерде су деңгейі көтеріліп жатыр. Осыған орай Төтенше жағдайлар министрлігі халыққа ескерту жасады.

«Қазгидромет» болжамына сәйкес, 7-11 сәуір аралығында елдің бірқатар өңірлерінде ауарайы нашарлап, апат қаупін арттыруы мүмкін. «Қазгидромет» болжамына сәйкес өзендердегі су деңгейі қауіпті белгілерден асқан кезде елдімекеннің өзен бойы және өзеннің төменгі ағысы бойынша орналасқан, сондай-ақ өзеннің жайылмалы учаскелерінде орналасқан елдімекендерді, шаруашылық құрылыстар мен жергілікті маңызы бар жолдарды су басуы мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысы

Солтүстік Қазақстан облысының Корнеевка елдімекенінде орналасқан Үлкен Тораңғыл көлінің деңгейі бір тәулікте 6 см көтерілген. Қазіргі таңда көлдің деңгейі 348 см, қауіпті деңгей – 365 см.

«Еріген қар және бүйірлік ағындардың келуіне байланысты су деңгейінің одан әрі көтерілуі күтілуде», – деп хабарлайды министрлік.

Сонымен бірге Петропавл қаласында Есіл өзенінің деңгейі көтеріліп жатыр. Бұл өңірде су деңгейінің көтерілу жылдамдығы жоғары. 8 сағатта гидрологиялық бекеттегі су деңгейі 24 см көтерілген. Мұндағы су деңгейі 900 см, су 940 см жеткенде су жайылады, 96 см болғанда халықаралық маңызы бар Челябі-Новосибирск автожолының 528 щақырымын су шая бастайды.

Бұл деңгей Сергеев су қоймасы бөгетінің қырынан су асып төгіліп, еріген қар ағынының келуіне байланысты одан әрі көтерілуі мүмкін.

Ақмола облысы

Ақмола облысының Балкашино ауылындағы Жабай өзенінде де жағдай күрделі. Өзеннің гидрологиялық бекетінде су деңгейі 4 сағат ішінде 64 см көтерілген. Қазіргі таңда өзендегі су деңгейі – 314 см, 520 см жеткенде қауіпті болып саналады. Су деңгейінің көтерілуіне, сең мен қар жамылғысының қарқынды еруі әсер етіп жатқаны айтылады.

«Еріген қар және бүйірлік ағындардың келіп қосылуынан, мұз кептелісі құбылыстарына байланысты су деңгейі қауіпті дейгейден асуы мүмкін», – деп ескертеді «Қазгидромет».

Сонымен бірге өңірдегі Есіл, Жабай, Аршалы, Қалқұтан өзендерінде жылғалар мен жазықтардан еріген қар ағынына байланысты су деңгейі көтеріледі. Қалқұтан өзенінде су деңгейі қауіпті (630 см) деңгейден асып, 645 см жеткен.

Ұлытау облысы

Ұлытау облысы, Жезді өзені – Жезді гидрологиялық бекетінде су деңгейі қауіпті белгіге жеткен. Судың нақты деңгейі 209 см, ал 240 см жеткенде қауіпті саналады. «Қазгидромет» судың күрт келуіне байланысты, су деңгейі өсіп, қауіпті белгіден асып кетуі мүмкін деп ескертеді.

2025 жылғы 6-11 сәуір аралығында Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша күндізгі ауа температурасы көтеріліп, қар ериді деп күтіледі. Сондай-ақ бұл күндері жаңбыр жауып автожолдардың, елдімекендерді және шаруашылық құрылыстарды су басу қаупі артады.

«Қарағанды облысы, Шерубайнұра өзені – Шопа гидрологиялық бекетінде су деңгейі қауіпті белгіге жақындағанын хабарлаймыз. Судың нақты деңгейі 12:00 сағ. 406 см. Қауіпті деңгей – 450 см»,- деп ескертеді министрлік.

Абай облысы

 Ал Абай облысында 7-9 сәуір аралығында түнгі және күндізгі ауа температурасы жоғарылайды. 8 сәуірде облыстың басым бөлігінде жаңбыр жауып, қар қарқынды ери бастайды.

«Өзен арналарында мұз кептелістері пайда болуы мүмкін. Еріген қар суының және беткейлік ағындардың қалыптасуы, сондай-ақ мұз кептелістерінен, жалғалардан, бүйірлік ағындардан және өзеннің жоғары ағысынан еріген қар суы ағындарының жету салдарынан өзендердегі су деңгейінің көтерілуі күтіледі. Осыған байланысты өзендердің суы жайылып, елдімекнедерді су басуы мүмкін», – деп хабарлайды «Қазгидромет».

Шығыс Қазақстан облысында 7-9 сәуір күндері күн қатты жылып, жауын-шашын мол болады. Салдарынан мұз кептелістері пайда болып, су деңгейі көтерілуі мүмкін.

Осы қауіптерді ескере келе, ТЖМ «Қазгидрометтің» дауылды ескертулерін қадағалап отыруға кеңес берді. Сондай-ақ алыс қашықтыққа саяхаттаудан және жаяу жүруден бас тартуға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыз