
Homay әнімен танымал болған башқұрттың Ay Yola фолк-ансамблі Қазақстанға келеді. Шығармашылық ұжым 8 мамырда Алматыда өтетін Ün Music Week музыкалық фестивалі аясында өнер көрсетеді.
Ün Music Week фестивалі – музыка әлеміндегі әртістер, продюсерлер және өзге де кәсіби мамандарын біріктіреді. Ұйымдастырушылар бұл шараны Орталық Азия мен түркітілдес кеңістіктің музыка нарығын дамытатын платформа ретінде ұсынады.
Ay Yola-дан бөлек Қазақстаннан Layla-Qobyz x Mirkha, Әзербайжаннан Shusha Group, Тәжікстаннан Safarmuhammad және өзге де әртістер өнер көрсетеді. Билет бағасы 7000 теңгеден басталады.
Ay Yola-ның Homay атты әні наурызда әлемдік хитқа айналды. Әннің мәтіні түрік, қазақ, ағылшын, тувa, бурят, қалмақ және басқа да тілдерге аударылды. Топ құрамында әнші Адель Шайхитдинова,оның әкесі – продюсер әрі музыкант Руслан Шайхитдинов (қобыз, гитара) және Ринат Рамазанов (қурай, бэк-вокал) бар.
Топтың композициялары — дәстүрлі сарындар мен заманауи электронды аранжировкалардың қоспасы. Ән мәтіндерін жазу кезінде олар башқұрт мәдениетінен, халық аңыздары мен эпосынан шабыт алады.
Қазіргі уақытта топтың небәрі екі әні ғана бар. Бірақ фестиваль сахнасында олар тағы бірнеше болашақ хиттерді ұсынуы әбден мүмкін.